Екібастұздық 7 жасар қыздың өліміне анасы мен оның танысы күдікті деп танылды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Динара Зәкиеваның мәліметінше, биылдың өзінде елімізде 25 бала қайтыс болған, оның алтауы жақындарының қолынан қаза тапқан. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген балаларға қатысты зорлық-зомбылық, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы заңнамалық өзгерістер өте маңызды,-дейді балалар омбудсмені.
«Мұндай жан түршігерлік жағдайлардың дені ішімдік, ұрып-соғуға байланысты оқиғалармен тікелей байланысты. Тергеу шаралары кезінде 70% жағдайда оқиғаны міндетті түрде әлдекімнің көрген, білген, бірақ ол туралы хабарламаған, жағдайға араласқысы келмеген жайттары анықталып жатады. Осындай жантүршігерлік оқиғалар мен зорлық-зомбылықтың алдын алудың бір жолы – сіз бен біздің араласып, көмектесуіміз», - делінген.
Құрметті көрермен, егер балаларыңызға қауіп төніп тұрғанын білсеңіз «111» немесе «102» телефондарына хабарласыңыз. Бұл арнайы нөмерлер тәулік бойы жұмыс істейді.