Семейде биыл жылу, су құбырлары жаппай ауыстырылды. Бірақ, желі салынған көшелердің тас-талқаны шықты. Әсіресе жекеменшік секторда тұратындар зардап шегуде. Көлік түгілі жаяу жүру мүмкін болмай қалды дейді тұрғындар. Сондықтан жұрт өз қаржысына трактор жалдап қазылған жерлерді тегістеуге мәжбүр.
Майра Қапанов, Семей қаласының тұрғыны:
Міне галошпен жүрміз. Магазинге де бара алмаймыз. Балаларды да жібере алмаймыз. Осылай көшені трактор шақырып алып өзіміз жөндейміз. Ақша бірігіп песок төктік. Бәрбір болмай жатыр.
Жауапты мамандар жұмысты тиянақты атқаруға қаржының кеш бөлінгені себеп дейді. Оның үстіне соңғы кезде толассыз жауған жауын жағдайды тіпті ушықтырып жіберген. Енді езілген көшелерге күн суығанда ештеңе істей алмаймыз деп отыр. Тек мердігер ұйымдардың атқарған жұмыстарын тексеріп, кемшілік жібергендеріне шара қолданбақ. Жалпы биыл Семей қаласында тозған жылу желілерін жөндеу үшін 13 ірі жоба іске асқан.
Жандос Қайырханов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Жаңбырлы кезде салсақ, асфальт ертең төмен түсіп кетуі мүмкін ғой. Бүгінгі күнге үлгермесе көктемге қалдырған жұмыстар бар бізде. 3 жылға дейін гарантиясы бар ғой. Біз бітпеген жұмыстарды аяқтаттырамыз.
Ержан Жақып