Ташкенттегі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы үздік ондықтан орын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкенттегі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы үздік ондықтан орын алды

16.11.2023

Ташкенттегі Низами атындағы ұлттық педагогика университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жұмыс істейді. Сан мыңдаған білікті маманды даярлап шығарған ұжымның құрылғанына бүгін 70 жыл толып отыр.

Осы атаулы датаға орай өзбек елінің астанасында еңбек ететін қазақтың зиялы азаматтары мен жастары оқу ордасына жиналды. Келген қонақтарды күмбірлеген күй тартып, ән жыр арнаған өнерпаздар қарсы алды. Сонау Кеңес Одағы тұсында жұмысын бастаған кафедра Қазақстан тәуелсіздігін алған соң қайта жаңғырды. Бүгінде бұл ұжым университеттегі 54 кафедраның арасында үздік ондықтан орын алған. Бес бірдей ғылым докторы мен бірнеше кандидат түлеп ұшқан. Қазақ тілі кафедрасы кадр даярлау ісіне орасан үлес қосып келеді. Осында білім алған түлектер өзбек елі ғана емес Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде де еңбек етіп жүр. Кафедраның мерейтойына арналған жиынға Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің өкілдері қатысып құттықтауын арнады.

Ергеш Абдувалитов, Низами атындағы Ташкент ҰПУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі:

Қазақ жастарының ана тілінде сөйлеуіне, тілдің достықтың кілті екенін сезінуіне жол ашамыз. Алмағайып заманда тілдің сақталуына, тазалығына мән береміз, соның нәтижесінде біз тіл орталығын ашқанбыз.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу