Қостанайда машина зауытында 2 мыңға жуық жас маман жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда машина зауытында 2 мыңға жуық жас маман жұмыс істейді

15.11.2023

Қостанайдағы Аллюр машина жасау зауыты осы саланың мамандарын дайындайтын ұстаханаға айналды. Бүгінде кәсіпорында 3 мыңнан аса адам еңбек етеді, оның 2 мыңға жуығы жастар. Олардың бірқатары келешекте, енді салына бастаған КИА зауытында жұмыс істеуді көздейді.

Аллюр зауытында еліміздің әр өңірінен келіп еңбек етіп жатқан жастар көп. Олардың дені техникалық мамандық бойынша соңғы курста оқитын студенттер. Теориялық сабақ онлайн өтеді, ал қалған уақытта өндірісте жұмыс істейді, жалақысын да алады.

Махамбет Қыдырбаев, жұмысшы:

Біз осында көзбен көріп жұмыс істеп, тәжірибе жинаудамыз. Қостанайда қазір КИА зауыты салынып жатыр. Біз осында жинаған тәжіриебмізді болашақа со жақта қызмет атқарып кәдеге асыруға тырысамыз.

Аллюр зауыты жыл өткен сайын өндіріс көлемін арттырып келеді. Биыл желіден 90 мың көлік шығару жоспарланған. Дәл қазір әлемге кең таралған брендтік маркалардың тағы бірнеше түрін құрастыратын жаңа цехтар жасақталып жатыр.

Роман Глущенко, «Allur» зауытының жаңа жобалар бойынша директоры:

Мына цехта 150 адам жұмыс істейді. Қазір құрылғыларды орнату жұмысы аяқталуға таяу. Мұнда шевролет оникстің қорабы дәнекерленеді. Пилоттық өндіріс алдағы аптада басталады. Ал толық өндіріске келеер жылы көшеміз.

Ал құрылысы енді басталған КИА зауыты алғаш көліктерді 2025 жылы шығаруы тиіс. Жоба құны 250 млн доллар. Компания мұндай жобаны Оңтүстік Кореядан тыс жерде алғаш рет қаржыландырып отыр.

 Тэ-Ик Чжо, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Сонау 1992 жылдан басталған екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастар мен мемлекеттік деңгейдегі келісімдер, экономикалық байланысымызды нығайтты. Біздің елдің Қазақстанға салған инвестициясы 4,1 млдр АҚШ долларына жетті. Жаңа зауыттың салынуы бұл бағыттағы әріптестікке жаңа серпін береді.

Жобаға сәйкес Киа зауытында 1500 адам жұмыс істеп, жылына 70 мың көлік шығарылады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу