Түркі мемлекеттерінің ақпарат альянсы құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі мемлекеттерінің ақпарат альянсы құрылды

09.11.2023

Түркітілдес елдердің ақпараттық альянсы құрылды. Тиісті құжатқа бес елдің өкілдері Түркияда қол қойды. Альянстың құрамына Қазақстаннан «Qazcontent», Түркиядан «Анадолы», Әзербайжаннан Azertac (Әзертаж), Қырғызстаннан KABAR, Өзбекстаннан UZA халықаралық ақпарат агенттіктері кіреді.

Бұдан былай түркітілдес мемлекеттер арасында ақпарат алмасу, жалған жаңалықтарға қарсы бірлесе күресу және өзара тәжірибе алмасу жеңілдейді. Бұдан бөлек «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы бірлік және болашаққа көзқарас» тақырыбында өткен Түркі мемлекеттері ақпараттық агенттіктерінің медиа-форумында цифрлық құралдарды тиімді қолдану және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы да талқыланды.

Фахреттин Алтун, Түркия президенті жанындағы коммуникация басқармасының басшысы:

Бауырлас елдердің ақпарат агенттіктерінің қатысуымен өткен саммит осы салада бірлесіп не істеуге болатынын көрсететін бетбұрыстың бастауы деп үміттенеміз. Түркі ақпарат агенттіктері одағының құрылуы «Түркі әлемі 2040 стратегиясына» үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Бүгінде коммуникация, медиа және ақпарат салаларында қуатты болу - таңдау емес, міндет.

Бекзат Жүсіп, «Qazcontent» мемлекеттік ақпараттық агенттігінің басқарма төрағасы:

Түркі елдері ұйымының мерейтойлы 10- шы саммиті өтті. Сол жерде мемлекет басшылары, Қазақстан президенті де ықпалдастықты байланысты күшейту жөнінде көп мәселелер айтылды. Бүгінгі мына альянс құрылып жатқаны сол мемлекет басшылары бастаған соның бірі айқын дәлелі деп есептеймін. Қолға алынып, іс жүзінде басталып жатқан шаруаның бір бөлігі.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу