Өңірлерде қызылша дерті өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде қызылша дерті өршіп тұр

07.11.2023

Шығыс Қазақстан облысында қызылша мен тұмау өршіп тұр. Облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша жыл басынан бері жұқпалы дертке 62 адам шалдыққан. Ал өткен жылдармен салыстырғанда биыл қыркүйектен бері тұмауға шалдыққандар алты есеге артқан. 

Олжас Керейхан, тілші:

Қызылшаға шалдыққан науқастардың 90 пайызы балалар. Мамандардың айтуынша, олардың көбі осы жұқпалы ауруға қарсы вакцина алмаған. Науқастардың көбі Өскемен қаласының тұрғындары. Оның себебін эпидимолог дәрігерлер, халықтың тығыз қоныстануымен байланыстырады. Дегенмен, қызылша жұқпалы болғанмен, уақытылы медициналық көмекке жүгінсе шипасы бар. Тек ауру асқынып кетсе емделуі қиын болады. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарға балаға қажетті вакцинаны уақытында салдыруға үгіттеп жатыр. Өйткені өңірде 3 жыл бұрын да қызылша дерті асқынып кеткен болатын. Бүгіннен бастап еліміз бойынша балаларға қызылшаға қарсы вакцина салу басталды. Шығыста 6 айдан 11 айлық үш мыңан астам бала егіледі. Ал желтоқсан айында екіден төрт жас аралығындағы 26 мың балаға вакцина салынады. 

Батыс Қазақстан облысында да қызылша дерті дендеп тұр. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Өңірде қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады. Соңғы мәлімет бойынша, күні бүгінге 119 науқас тіркелген. Бұған пандемия кезінде қызылшаға қарсы екпе алудың бәсеңдеуі, қадағалаудың әлсіреуі әсер еткен. Науқастардың дені – екпе алмаған балалар. Мектеп, балабақшаларда аурудың 30 дерегі анықталды. Мамандар жұқпалы ауру белгісі байқалған бойда, өз бетімен емделмей, дәрігерге қаралуға кеңес береді. Және қызылшаның арнайы емі жоқ екенін, тек екпе алу арқылы ғана аурудан қорғануға болатынын айтады. Кешеден бастап өңірде жаппай иммундау науқаны басталды.


Ардақ Мұратқызы, Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу