Жетісу облысында күзгі жиын-терін науқаны аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында күзгі жиын-терін науқаны аяқталуға жақын

02.11.2023

Жетісу облысында күзгі жиын-терін науқаны аяқталуға жақын. Шаруаларға күн райы да қарайласып, аста-төк өнім жинауға мүмкіндік берді. Дәнді-дақылдың 94 пайызы орылып, қамбаға 725 мың тоннадан астам астық бастырылды. Президент өз Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өнім сақтайтын қоймаларды көбейтуді тапсырды. Биыл Панфилов ауданында жеміс пен көкөніс сақтайтын қойма пайдалануға беріледі.

Кербұлақ ауданының Қоғалы өңірі картоп өсіруде Жетісу облысында көш бастап тұр. Аудан бойынша мыңнан астам гектарға осы дақыл себіліп, биылғы түсім жаман емес дейді шаруалар. Гектарынан 200-центнерден жоғары өнім алды. Ауыл болып жаппай картопты қолмен жинаудың да өз себебі бар.

Азамат Көнекбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Ауа райына байланысты картоптың сыртқы қабығы дұрыс қатпай, сонымен қолмен теруге мәжбүр болдық. Күніне 50-60 адамға дейін жалдамалы жұмысшылар алынады. Ақшалары төленіп, күнделікті 8 мың теңгеден болып жатыр.

Шаруа өнім өткізуден де қиналмайтынын айтады. Жыл басында облыстың тұрақтандыру қорымен келісімшарт жасасып, картопты солар арқылы қыс-көктем айларында арзандатылған бағамен өңір тұрғындарына ұсынады. Ал жалпы облыс бойынша 12 мың гектарға картоп егілген.

Облыста көкөніс пен бақша дақылдары толық жиналып, қоймаға тасымалдануда. Аймақ биыл бұл дақылдардан да жақсы өнім алды. Ендігі міндет жиналған өнімді дұрыс сақтау. Панфилов ауданында сыйымдылығы 6 мың тонналық қойма салынды. Жаңа нысанға мың тоннадай алма мен жылдам бұзылатын көкөніс түрлері жеткізілді.

Анаят Тоқтахунов, қойма басшысы:

Мың тонналық қоймаға биыл біз тәтті бұрыш және қызанақ сақтап көреміз. Сондай-ақ, Пекин орамжапырағын сақтаймыз. Егер көкөністің бұл түрлері жақсы шыдап шықса, қыста тұрғындарға сата бастаймыз. Мұнан бөлек, үлкен қоймамызды жыл соңына дейін іске қосамыз.

Марат Сағымбек, Панфилов ауданының әкімі:

Негізінен өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өзіміздің нарықты толтыру. Біздің аудан ғана емес. Біз Жетісуға да жіберіп жатырмыз. Астанаға да алып кетіп жатыр. 

Стратегиялық дақыл қант қызылшасының да 7 мың гектарға жуық алқабы жиналды. Бұл жалпы егістіктің 77 пайызы. Шаруашылықтар арасында биыл гектарынан 800 центнер тәтті түбір өнім алғандар да бар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу