Қарағанды облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшыларының отбасы мүшелерінің тізімін жасап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оларға толыққанды көмек көрсетілетін болады. Нақтырақ айтсақ: компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана сатып алынады. Моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Асырауында болған балаларға 18 жасқа толғанға дейін ай сайынғы сақтандыру төлемі - ЖОО студенті болса, 23 жасқа дейін төленеді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалақысына байланысты ай сайынғы төлем жүргізіледі. Қамқорлықтағы адамдардың санына байланысты асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен отбасылардың несиелері өтеледі. Жерлеуге байланысты барлық шығындар өтеледі. Қаза тапқандардың балалары мен жұбайлары жұмысқа орналастырылады. 23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысы төленеді әрі жұбайлары мен балаларына санаторий-курорттық емделуге жолдамалар беріледі. Әрі үйді пешпен жылытатын отбасыларға жыл сайын көмір бөлінеді.
Асима Нұрбайқызы