Елімізде темекі бағасы қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде темекі бағасы қымбаттайды

20.10.2023

Темекі бағасы қымбаттайды. Ұлттық экономика министрлігі оған салынатын акциз салығын арттыру бастамасын көтерді. Осылайша, оны Еуразиялық одақ елдерімен теңестіру көзделіп отыр. Мәселен, биыл салық мөлшері 28 евро болса, 2024 жылы 33-ке көтерілмек. Ал 2029 жылы 45 евроға дейін бармақ. Талқыланып жатқан жаңа заң жайлы әріптесіміз зерттеп көрді.

Блиц:

«Білмеймін темекіні қойғым келіп жүр. Шеккеніме 44 жыл. Күніне 1 пачка шегем».

«Мың теңге тұрады. Күніне мың теңге ғой, айына 30 мың».

Елімізде әрбір 3-ші ер адам темекіге әуес. Шылым шегетін 5 адамның екеуі жүрек, асқазан-ішек жолдары, өкпе обыры сынды ауруға шалдыққан. Оның зиянын кеш түсінген Жасұлан Төлебаев жастарды бұл әдеттен аулақ болуға шақырады.

Жасұлан Төлебаев, қала тұрғыны:

10-15 жыл шектім, ауырған соң қойдым. Қатты ауырдым, жөтелдім. Өкпеге зиян келді. Шеккенен кейін 7-8 жылдан кейін ауырдым.

Ұлттық экономика министрлігі акциз мөлшерлемесін арттыруды көздеп отыр. Осыған сай ведомство салық кодексіне түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеу үстінде. Осылайша, оны Еуразиялық одақ елдерімен теңестірмекші.

Жазира Мыңбаева, Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:

2023 жылға арналған акциз көлемі бізде 28 евроға сәйкес келіп тұр. 2024 жылға 33 евроға сәйкес келіп тұр. Мөлшерлермені көтермесек, басқа көршілес мемлекеттер өздерінің салығын өсірсе, біз өз нарығымызды қорғауымыз керек. Деңгейлес мемлекеттерден қалмауымыз керек. Тепе-теңдік үшін.

Бұл өзгерістің оң нәтиже беретініне кәсіпкерлер палатасы да сенімді. Салықтың күрт өсуі, экономиканың дамуын қамтамасыз етеді. Ал қоғам белсендісі ұлт денсаулығын сақтауға сеп болар еді дейді.

Баян Ахатай, қоғам белсендісі:

Бұл - ұлттың саулығына, ұрпақтың денсаулығына өте зиян. Темекі салығын көтеру оның бағасын көтеруге әкеп соқтырады. Адамдар қымбат болғаннан кейін қолдануды азайтуы мүмкін. Өйткені жұмыс барысымен 1-2 шетелдік тәжірибелерді көрдім. Қымбаттаған соң, оны іздемеген.

Аида Ахметбек, тілші:

Қырғызстанда темекіге акциздің мөлшері жылына 10 пайызға, Ресейде 8 пайызға өсіп отырады. Мақсат- халық денсаулығы. Ал елімізде жаңа заң жобасы темекіге әуестіктің күшін жоя ма?! Бұны уақыт көрсетеді. Алайда, әр адам өз денсаулығына өзі ғана жауапты.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу