Ер есімі – ел есінде. Құтқарушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында, қаза болған сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов бастаған елордалық мамандар, «Құтқарушылар» саябағында орнатылған мемориалға гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жалпы тәуелсіздік алғалы, тура мағынада екі оттың арасында жүріп, қызметтік міндеттерін атқару кезінде азаматтық қорғау органдарының 69 қызметкері қаза тапқан.
Жұмыс барысында көз жұмған өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тиісті көмек көрсетіледі. Ведомство басшысының сөзінше, марқұмдардың жұбайына ай сайын қаза болған азаматтың 40 пайыз жалақасы төленіп отырады. Балаларына он сегіз жасқа толғанға дейін жәрдемақы, білім алу үшін жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек, министр төтенше жағдайлардың жиілегенін айтты. Президенттің тапсырмасы бойынша, өртке қарсы әрекет алгоритмді пысықтап жатырмыз деді. Сондай-ақ, елімізде 2 мыңға жуық маман тапшы екенін атап өтті. Ал тозған техниканы жаңарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Нормаға қарасақ бізде 89 пайыз техникамен қамтылған. Оның 20 пайызы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Сол себептен техника тозады. Өйткені ол бір орнында тұрмайды, біз пайдаланамыз. Сондықтан оны кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Қаза тапқан қызметкерлерді еске алу рәсімі кезінде азаматтық қорғау органдарына жаңадан келген қырық екі қызметкер ант қабылдады.
Асылбек Данияр