Тарихи сәт. Әлемдік додада еліміздің 4 спортшысы боччадан бақтарын сынамақ. Қазақстандық команда Азия паралимпиада ойындарында өнер көрсету үшін бүгін Қытайға аттанды.
Итиана Шыңғысханованың боччаға барып жүргеніне 3 жылдан асыпты. Алғашында жүзумен айналысқан ол бұл спортқа бірден қызығушылық таныттым дейді. Алғырлығымен көзге түскен ару көп ұзамай ұлттық құрамаға да қабылданады. Қазір енді шетел асып командаластарымен ел намасын қорғауға аттанып барады.
Итиана Шыңғысханова, боччадан Қазақстан құрамасының ойыншысы:
Менің анам да спортшы. Мені боччоға алып келіп физикалық, психологиялық тұрғыдан әзірлеген де сол кісі. Жаттықтырушымыз бізді тоқтаусыз екі апта дайындады. Әрине, оңай болмады. Бірақ жарыста барлығы жеңіл өтіп, командамен чемпион болып ораламыз деген сенімдемін.
Инклюзивті спорт түрін жетік меңгерген Темірлан Алтынсары, Оразбек Мейірбек және Қуаныш Асқарбековтің де дайындықтары осал емес. Олар алдымен Ханчжоу қаласында қарсыластарымен жекелей сайысқа түседі. Кейін әлемнің 24 елінен келген командамен жарысады. Ойын соңында ұпай сандары есептеліп, Азия чемпионы анықталады. Боччадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы бұл спорт асқан айла мен ептілікті қажет етеді дейді.
Диана Молдахметова, боччадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы:
Әлем бойынша Азия командалары өте мықты болып келеді. Рейтингтері жоғары. Әлемдік рейтингте I, II, III орында тұрған спортшылар болып келеді. Бірақ біз мойынсынбаймыз, әрине. Әрбір ойында ерекше дайындықпен шығамыз. Өйткені бочча ойынында әр «энт», бокстағы «раунд» сияқты өте маңызды. Сондықтан әр «энт»-те бар күшімізді салып жеңіске жетуге тырысамыз.
Айта кетейік, паралимпиадалық бочча спорт түрі елімізде туризм индустриясын және спортты қолдау қорының үлесімен қарқынды дамып келеді. Бочча ойынымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар 2018 жылдан бері айналыса бастады. Қазір бұл спорт түріне еліміз бойынша 200-ге жуық адам қызығушылық танытып отыр. Сегіз Қазақстан чемпионы бар. Ал боччадан Қытай төрінде ел намысын қорғайтын ұлттық құрамаға сәттілік серік болсын.
Тәуірбек Бозекен