Семейлік Алма Шүкіржанова 51 жыл бойы үздіксіз ұстаздық қызметін атқарып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейлік Алма Шүкіржанова 51 жыл бойы үздіксіз ұстаздық қызметін атқарып келеді

13.10.2023

Семейлік Алма Шүкіржанова 51 жыл бойы үздіксіз ұстаздық қызметін атқарып келеді. Жасы 73-ке келсе де математиканың білгір маманы бала тәрбиесінен бір сәтке де қол үзбеген. Оқушыларына дәстүрлі емес, ғылыми бағытта білім беріп жүр. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген. Жарты ғасырдан астам педагогика саласын дамытуға үлес қосқан тұлға жайлы тілшіміз баяндасын.

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Осы нақыл дәл Алма Сейдахметқызына қарата айтылғандай. 51 жылдан бері Семейдегі №7 мектепте математика пәнінің мұғалімі. Үлгілі ұстаз білімді ұрпақ тәрбилеу елдің өркендеуіне қосқан үлесім – деп санайды.

Алма Шүкіржанова, Математика пәнінің мұғалімі:

Педагог деген сөз-ол өз уақытын аямай, баланың бақытын аялайды. Өмірден өзіңінің орыныңды тапқаныңды білесің. Өзің қанша оқушыны тәрбиелеп шығардың соның әр жетістігі сенің жетістігің болып шығады.

Алма Шүкіржанова «Педагогтардың мәртебесі туралы» заңның қабылдануы білім саласына оң өзгерістер әкелді дейді. Бұрын өз міндетінен бөлек, түрлі шараларға жегіліп титықтаған қауым, қазір тікелей бала тәрбиесімен ғана шұғылданып, өзін кәсіби түрде дамытуға мүмкіндік алғандығын айтады.

Алма Шүкіржанова, Математика пәнінің мұғалімі:

Мұғалімнің кәсіби стандартын белгілеп берді. Біліктілігіне, құзыреттілігіне және білім сапасының дәрежесіне қандай талап қойылатындығы нақтылап жазылды сол заңда.

Абай облысында әлі күнге 180 педагог тапшы. Әсіресе, Алма Шүкіржанова сынды математика мамандары жоқ. Физика, биология, химия пәндерінен ұстаз жетіспейді. Бар болған күннің өзінде басқа салаға ауысатындар жетіп артылады. Мамандар оған көбіне мұғалімдердің эмоционалды-интеллектінің әлсіздігі себеп дейді. Сондықтан Абай облысында кадрларды шыңдайтын инновациялық-әдістемелік орталық жұмысын бастады.

Айнұр Серғалиқызы, Облыстық инновациялық-әдістемелік орталық директоры:

Эмоцианалды-интеллектінің төмендігінен қоғамдағы педагог мәртебесіне деген қанағаттанушылықтың жоқтығы кездесіп жатады. Осы себепті, біздің өңірімізде жобаның негізгі мақсаты, педагогтар құзыреттілігін арттыру. Мейрімді ұстаз, табысты тұлғаны қалыптастыру.

«Педагогтар мәртебесі туралы» заң шынымен ұстаздар мәртебесін көтерді. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы жақсарды. Мәселен, соңғы төрт жылда ұстаздар жалақысы 2 есеге көтеріліп, еңбек демалыстары ұзартылды. Осы саланы таңдайтын жастарға де жеңілдіктер көп. Шәкіртақы 2,5 пайызға өсті. Ал биыл тек педагогика мамандығы бойынша оқуға түскендердің саны 16 мыңға жетті.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу