Павлодарда апатты үйлердің тұрғындары көшуден бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда апатты үйлердің тұрғындары көшуден бас тартты

13.10.2023

Павлодар қаласында үш тұрғын үй апатты деп танылып, техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық телеарна бұл үйлердің адам өміріне қауіпті екенін көрсеткен болатын. Іле шұғыл түрде комиссия құрылып, тексеру басталды. Тексеру қорытындысы бойынша баспана тұруға жарамсыз, тіпті кез келген күні құлауы мүмкін.

Тілекжан Ғалямов, қалалық ТЖ басқармасы бастығының орынбасары:

Бұл үйдің қабырғалары құлауы мүмкін. Бұл осы аталған үйлерде, әсіресе Центральная 6 мекенжайы бойынша қауіп қатері өте үлкен. Ал, мынау үй блоктан жасалған. Блоктар бір-бірімен темірлері, арматуралары дәнекерлеу арқылы жалғанған. Осы сварканың жіктері ашылып жатыр. Біздің кеңесіміз осы үйден тезірек шығыңыздар.

Енді тұрғындар бұл үйлерден біртіндеп көшірілмек. Алдымен 24 пәтерлік Центральная 6 мекенжайының тұрғындарына жалдамалы пәтерлер беріледі. Ол үшін бюджеттен 17 млн. теңге бөлінген. Бұдан әр отбасына айына 210 мың теңге үлес тиюі керек. Бірақ әкімшілік араға риелтор салып отыр. Ол тұрғындарға үш бөлмелі пәтерлі жалдау құнын 130 мың теңгеден асырмандар - деп талап қойыпты.

Олег Дедюхин, қала тұрғыны:

Біз көшпейміз деп шешім қабылдадық. Себебі, бәрі ауызша айтылады. Жазбаша құжат қолымызға тиген жоқ. Риелтор келіп жалдық құны 120-130 мың теңгеге үй тауып алындар дейді. Бұл қаржыға жөні түзу үй табылмайды.Оның үстіне қолымызда ешқандай келісімшарт жоқ. Далада қалмау үшін заңгер жалдадық.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу