Қызылордада Исатай Әбдікәрімовтің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада Исатай Әбдікәрімовтің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

12.10.2023

Қызылордада қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Елдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан тұлғаның есімі ұлықталып, ғылыми-танымдық конференция өтті. Тағылымды шараға елімізге белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген. Облыстың қалыптасу тарихында өнегелі ісімен өшпес із қалдырған Исатай Әбдікәрімовтің есімін бүгінгі ұрпақ ұмытқан емес. Елдің жүгін арқалаған қайраткер тұлғаның ғасырлық мерейтойы еңбек адамына деген құрметтің жарқын көрінісі.

Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:

Қызылорда облысы бүкіл Кеңестер Одағы бойынша күріштің 25 пайызын өндіріп, ырысты, күрішті Сыр еліне айналды. Исатай Әбдікәрімұлының тұсында шаруашылық басшылары, күрішшілер, малшылар, механизаторлар жалпы саны 6 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алды.

Ғылыми конференцияға жиналған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Исатай Әбдікәрімовтің қиын-қыстау кезеңде өңірді дамыту, ауыл шаруашылығын аяққа тұрғызуда атқарған жұмыстарын тілге тиек етті. Ол білікті мамандар қат заманда Сыр өңірінен инженерлер даярлайтын оқу орнының ашылуына ұйытқы болды.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор:

Қазақстанға еңбегі сіңді, облысқа еңбегі сіңді. Сондықтан елдің құрметі ерекше Исатай Әбдікәрімовке. Ол кісінің мінез-құлқы маған жақсы белгілі. Үлкен терең адамгерішілігі маған мәлім.

Конференция қонақтары Исатай Әбдікәрімовтің есімі берілген Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжіне де барып, оқу орнында орналасқан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Жалпы Еңбек ерінің есімін ұлықтауға арналған шаралар әлі де жалғасын таба бермек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу