Ақтөбе облысында алғаш рет республикалық тары фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында алғаш рет республикалық тары фестивалі өтті

09.10.2023

Ақтөбе облысында Шығанақ Берсиев өсірген ақ тарының тұқымы табылды. Енді өңір шаруалары оны өсіріп, үлкен жетістікке жетеміз деп үміттеніп отыр. Әйгілі рекордшының туған жері Ойыл ауданында республикалық тары фестивалі ұйымдастырылып, оған көршілес Батыс қазақстан, Атырау облыстарынан да қонақтар келді. Тары қуыру, келі-келсаппен тары түю және диірменшілер сайыстары өтті. Этнофестиваль қызықтарын әріптесім Жақсыбек Кемал көріп келді.

Байғанин ауданының тұрғыны Гүлшат Жақсылыққызы тары қуырудың қыр-сырын жетік меңгерген. Тіпті, қазір табыс көзіне айналдырып отыр. Үш облыста тұтынушылары бар.

Гүлшат Жақсылыққызы, фестивалге қатысушы:

Қапшығын 6 мыңнан аламын, жарты литрлік банкасын 700 теңгеден сатамын. Өзім қуырамын,өзім түйемін, бұрын енем осымен айналысқан, сол енемнен қалған былғауыш, елек, шыпта, сонымен айналысып жүрмін. Ақөтбеден, Атыраудан, Ақтаудан сұранысқа ие.

Тары қуырғандс оның отынынан ерекше мән беріледі. Одан кейін келіге салып, түюдің де өзіндік әдіс-тәсілдері бар.

 Жақсыбек Кемал, тілші:

«Қуырылған тарына осындай келіге салып, 200 мәрте түю қажет.Одан кейін шығарып, кебегін ұшырады. Тары барынша дайын әрі жақсы болуы үшін оны екінші мәрте түю қажет болады».

Фестиваль барысында әжелер диірмен тартып жарысты. Қызалар кімнің қанша өнім шығарғанын ғана емес, оның сапасын да бағалады. Шараға арнайы шақырылған қонақтардың арасында Шығанақ Берсеевтің ұрпақтары да бар.

Ешмұқан Мұқамбетқали, Ш.Берсиевтің жиені:

«Бір түйір тарыданмыңның үстінде тары алды.Яғни, бір өнімнен пәленбай есе өнім келеді. Бұл өнімді тағам болғандықтан, Шығанақ Берсеев осы тарыны таңдап алды. Ал, шындығында оның еңбекқорлығы мен қатар ауыл адамдарын ұйымдастырып, сол еңбекке араластыра білуінде».

 Жақсыбек Кемал, тілші:

«Тарыдан 14 түрлі тағам дайындауға болады екен. Қазір бұрын ұмыт болған ас түрлері де пайда бола бастады.Соның бірі мына тұрған сүт ботқа.Бұны дайындау үшін піскен тарыны жәйлап қайнап тұрған сүтке салып, араластырады, ең соңында дәміне қарай тұзын салады».

Тарының құнарлылығы мен құндылығын көптеген ғалымдар зерттеп, дәлелдеп отыр. Биылғы жылдың БҰҰ 75-ші сессиясында тары жылы болып жариялануы да тегін емес. Яғни, дақылдың бұл түріне ерекше мән беретін кез келді дейді жиналғандар. Қазір Ақтөбедегі тәжірибе стансасында «Шығанақ» деп аталатын тары тұқымы жетілдіріліп жатыр.

Гүлнар Есжанова, Ш.Берсиев атындағы аграрлық-техникалық колледждің оқытушысы:

«Өзіміз де соны зерттегенімізде, Шығанақ атамыз қойдың көңін жұмсаған сосын күлді қолданған дейді. Суарып өсірген дейді. Мен ойлаймын, қазір бізде де мал бар ғой, құдайға шүкір жетеді ғой Қазақстанда, содан шыққан көңді қолданып, сондай рекорд алуға мүмкіндік болады деп ойлаймын».

Этнофестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі мен Ұлттық ойындар байқауы да өтті. Жиналғандар бұл шараны дәстүрлі түрде өткіз қажеттігін айтып тарқасты. Ал, келер жылдан бастап өңірде тары алқабының көлемі ұлғайтылып, Шығанақ Берсеев өсірген ақ тары тұқымы егілмек.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу