Алматы облысында алғаш рет қой қырқудан республикалық чемпионат өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында алғаш рет қой қырқудан республикалық чемпионат өтті

11.06.2021

Үкімет қаулысымен биылдан бастап маусымның екінші жексенбісі «Шопандар күні» деп белгіленді. Ата кәсіпті нәсіп еткен ағайынның кәсіби мерекесінде Алматы облысында алғаш рет қой қырқудан республикалық чемпионат өтті. Жарысқа еліміздің әр аймағынан білекті ерлер қатысып ептілігін сынады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші: 
Қазақ елінің күнтізбесі жаңа мерекемен толықты. Енді маусымның әр екінші жексенбісі - шопандар күні. Бірақ бұл күнді той тойлап мерекелеу ғана емес, сондай-ақ қазақ жерінде төрт түлікті түлетіп жатқан барша малшы қауымның мәселесін шешіп, мәртебесін көтеруді мақсат етіп отыр.

Атырау облысы Индер ауданынан келген Гинетолла Жұмашев 1982 жылы өткен республикалық жарыста қой қырқудан чемпион атанған. Одан кейін мұндай ауқымды сайыс елімізде мүлдем өтпепті. 60-тан асқан зейнеткер Жетісу жерінде қырықтық құралын қолына тағы бір алып, өз шеберлігін сынап көрді.

Гинетолла Жұмашев, байқауға қатысушы: 
Бұрында енді жас кезімізде 150 қойдай қырқып жүрдік. Қазір енді 50-60 қойдан асырып қырқа алмаймыз.

Еліміздің түпкір-түпкірінен жарысқа 25 азамат қатысты. Сайыстың талабы бойынша жігіттердің әрқайсысы 15 қойдан қырқып шығу керек. Қазылар алдымен жылдамдыққа одан кейін сапаға баса мән берді. Шопандар күнінде малшы қауым тек жарысып қана қоймай, өзара тәжірбие алмасып, мал шаруашылығындағы иновациялармен танысты.

Алмасбек Садырбаев, Қазақстанның мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы: 
Мына жерде қазақ жерінде тұңғыш ротациялық жайылым. Арнайы шөптің 13 түрлі тұқымы. Осыған біздің малымыз қалай жайылып жүр. Мобильді купка, мобильді қоршауымыз, бұл деген жаңа технологиялар. Біз соны көрсетіп, үйретіп, насихаттаудың бір амалы.

Алдағы уақытта мұндай жарыстар дәстүрлі түрде Шопандар күнінде өтіп тұрмақ.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу