Шығыстағы Риддер қаласында қоғамдық көлік мәселесі тұралап тұр. Халық автобусты аялдамада сағаттап күтуге мәжбүр.Тұрғындардың айтуынша қаладағы автопарк жабылып, бұл жұмыс жеке кәсіпкерлерге берілген соң, тасымал саласынан береке кеткен.
Риддер шағын шаһар болса да бас-аяғына дейін 15-20 шақырымға дейін созылып жатыр. Оған қоса қала бірнеше бөлікке бөлінген. Қаладағы 55 мынан аса тұрғынды қазір 14 автобус қана тасымалдап жүр. Бірақ олардың жүруінен тұруы көп.
Баршагүл Қизатова, Риддер қаласының тұрғыны:
Міне бір жарым жыл, екі жылдай болып қалды. Автобус мүлде жоқ.Қыста қиын. Балалармен жүреміз ғой. Немерелерімізді балабақшаға әкелеміз. Такси жалдаймыз. 2-3 адам қосылып сөйтіп әкеліп жүреміз.
Игорь Петров, Риддер қаласының тұрғыны:
Мәселені қаланың әкімінен бастап бәрі біледі. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Әсіресе сенбі, жексенбі күні автобус мүлде жүрмейді. Қаладағы автобус паркі жабылған соң қоғамдық тасымал жеке компанияларға өткен.
Олжас Керейхан, тілші:
Риддер жолақы бағасы бойынша қымбат шаһардың бірі. Үлкен адамдар 130 теңге төлейді. Зейнеткерлерге де жеңілдік қарастырылмаған. Дегенмен қазір қалада қоғамдық көлікке иелік етіп отырған кәсіпкерлер табысқа қарағанда, шығын көп деп отыр. Алайда ешқайсысы сұхбат беріп, мәселені ашып айтуға құлық танытпады.
Қала әкімі қоғамдық тасымал жылдың соңына дейін реттелетінін айтады. Ол үшін шағын қалаларды дамыту бағдарламасымен кәсіпкерлерге пайызы төмен несие берілмек. Егер қаражат реттелсе, лизинкке жаңадан 25 автобус алынады. Одан соң автобус паркі құрылып электронды билет жүйесі енгізіледі.
Дәулет Батырбаев, Риддер қаласының әкімі:
Міндетті түрде автопарк құрылады. Бірақ ол коммуналдық мекеме болмайды. Кәсіпкерлео өзара бірігіп ашуға келісіп отыр. Автопарк құрылған соң біз электронды билет мәселесін қолға аламыз. Бұл жүйені енгізсек, тасымалдаушыларға субсидия бөлуге мүмкіндік береді. Ал субсидия берілсе монополистерден оқушылар мен көпбалалы отбасылар және зейнеткерлерге жолақы бойынша жеңілдік жасауды талап етеміз.
Егер жыл соңына дейін жаңа автобустар алынып, автопарк құрылса жолақы 100 теңгеге дейін азаюы мүмкін. Тасымалдаушы компанияларға мемлекеттен субсидия берілсе, оларға қойылатын талап та күшейеді.
Олжас Керейхан