Ханчжоуда Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ханчжоуда Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті

08.10.2023

Ханчжоуда жаңа ғана Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті. Жарты ай бойы сары құрлықтың 45 елінен келген 12,5 мың спортшы өзара мықтыны анықтады. Биылғы Қазақстан құрамасының нәтижесі ойдағыдай болмады. 2018 жылы Жакартада өткен байрақты бәсекеде 15 алтын мен жалпыкомандалық 9-шы орынды катастрофаға балағандар бар еді. Бұл жолы ондыққа да кіре алмадық. 10 алтын , 22 күміс және 48 қола медальмен ұлттық құрама 11-орынға тұрақтады. Қытайда жүрген әріптесім Шерхан Жамбылұлы қазір тікелей байланыста. Шерхан, кеш жарық. Жабылу салтанаты қалай өтті? 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

19-шы Азия ойындары да тарих қойнауына кетті. Жаңа ғана Лотус гүлі деп аталатын 80 мыңдық алып стадионда жарқырап салтанатты шара өтті. Қытай тарапы әдеттегідей жоғары деңгейде, ежелгі дәстүр мен жаңа технологияларды ұштастыра білді. Бастысы келесі ойындардың қожайыны Жапонияның Нагоя қаласына эстафета беріліп, азиада аламаны мәреге жетті.

Әрине бұл азия ойындарында біз күткендей нәтиже болмады. Дегенмен жарқын эмоция сыйлаған сәттер де, жеңіліске құлазыған кездер де болды. Асланбектің ширек финалдағы төрешілердің әділетсіздігіне қарамастан қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберіп, жеңісті жұлып кеткені әлі де көз алдымызда. Боксшыларымыздың осы төреліктің тура болмағаны кесірінен жарыс жолынан шығып қалғаны қынжылтты. Велоспорттағы қос алтын. Әсіресе Алексей Луценко мен Евгений Федоровтың көпшілік топтан қара үзіп, қол ұстасып мәреге бірдей келгені. Сол сәтте Алексейдің ізеттілікпен Евгенийге жол беріп, інісіне алтын сыйлағын сондай жылы көрініс болды. Сұрмергендер де ерледі. Үш бірдей алтын жүлдені “атып” алды. Әсем Орынбай бастаған сұрмергендердің салқынқандылығы мен дәлдігі қошеметке лайық. Каратеде жекпе-жек отаны Жапонияның өзін шаң қаптырып кеттік.

Біздің каратешілер сегіз жүлде алып сары құрлықта мықты екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді.Қуаныштың да өкініштің де көз жасы болды. Ушу шебері Аян Тұрсынның қолаға қанағаттанбай, қарсыласына жол бергеніне намыстанып көз жасына ерік берді. Ал кеше көркем гимнастикада Әлия Юсупова мен шәкірті Елжана Таниева күміс медаль алып, көптен күткен нәтижеге қуанып, жылап та алды. Осылайша азия ойындары мәреге жетті. Енді спортшыларымыз 8 айдан кейін басталатын Париж олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетеді деген үміт бар.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу