Қызылордалық шаруалар күріш алқаптарының көлемін ұлғайтпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық шаруалар күріш алқаптарының көлемін ұлғайтпақ

04.10.2023

Сырдарияның төменгі сағасында орналасқан Қазалы ауданында егінге су жеткізу жылдан жылға қиындап барады. Әсіресе, күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жағдайы қазір шатқаяқтап тұр. Биыл диқандар алқаптарды кезекпен суарып, су айдайтын қондырғылар арқылы егінді аман алып қалды.

Қасқырбай Әлімбаев, «Жалаңтөс батыр» шаруашылығының төрағасы:

Жылына біз 900 гектар күріш егетінбіз. Қазір соңғы үш жыл болды су мүлдем аз болып. Соның себебінен күрішті жылдан жылға азайтып келе жатырмыз. Биылғы жылға 500 гектар жерге күріш ектік. Жылда бидай егетін едік оны да су болмағандықтан оны да еге алмай қалдық.

Су тапшылығы қолбайлау болғандықтан шаруашылықтар егінді әртараптандырып, суды аз қажет ететін дақылдар егуге бетбұрды. Мәселен, биыл бақшалық жерлердің үлесі 2140 гектарға жеткен. Соның ішінде, Абай ауылының еңбеккерлері көкөніс өсіруде көпке үлгі. Тұрғындар қауын-қарбыз, картоп, пияз, сәбіз секілді азықтың мол қорын жинап алған.

Нұрлан Қоянбаев, ауыл тұрғыны:

Жылда өнімін алып тұрмыз. Жақсы құдайға шүкір. Сұраныс деген көп. Іздеп келіп алып кетеді. Ешқандай қоспа қосылмағанғой. Дәмін көрген адам кеп ала береді.

Жалпы жергілікті билік егін егем деген ауыл жұртына биыл тың жерден 130 гектар аумақты бау-бақша, көкөніс өсіруге әзірлеп берген. Ал бірқатар елді мекенде шаруалар суды үнемді пайдалану технологиясына көшіп, аз сумен мол өнімге кенеліп отыр.

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

Судың тапшылығына байланысты әртараптандыруға көңіл бөлініп жатыр. «РЗА» шаруашылығы 83 гектар жерге жаңбырлатып суару арқылы жүгері егілді. Бұдан бөлек, біреуі Мұратбаев ауылынан, біреуі Бозкөл ауылында тамшылатып суаруды енгізді.

Ал күріш шаруашылықтары Президент Жолдауынан үлкен үміт күтіп отыр. Мемлекет тарапынан тозығы жеткен гидро нысандар жаңарып, арнасы бітелген каналдар тазарса диқандар келешекте күріштік көлемін де ұлғайтуға ниетті.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу