Сыр еліндегі диқандар ерте пісетін күріш өсірмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр еліндегі диқандар ерте пісетін күріш өсірмек

20.04.2022

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында егін науқаны басталып, алғашқы дән себілді. Өңір диқандары биыл 78 мың гектардан астам алқапқа күріш дақылын егуді жоспарлап отыр. Алайда, былтырғы жылмен салыстырғанда көлемі біршама азайған. Мамандар болжамы бойынша жазғы маусымда су тапшы туындамақ. Биыл егін жайы қалай болмақ? 

Дала төсінде алғашқы дән себіліп, диқандар көктемгі егін науқанына қызу кірісті. Бұрынғыдай емес, аймақта күріш алқаптарының көлемі 5,3 мың гектарға қысқарған. Су мәселесіне алаңдаған шаруалар бітелген каналдарды қайта қазып, неғұрлым ерте пісетін күріш сорттарын егуге басымдық беріп отыр.

Дәулет Жүмбеков, шаруа қожалығының төрағасы:
Су тапшылығына байланысты бірінші кезекте қашыртқы каналдарымызды тазаладық. Сосын жердің тегістігіне өте үлкен көңіл бөліп жатырмыз біріншіден. Екіншіден, күріштің ерте пісетін Сыр сұлуы дақылына мән беріп жатырмыз.

Биыл Шардара және Көксарай су қоймаларында су мөлшері былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,3 миллиард текше метрге кем. Яғни, жазғы маусымда қуаңшылық қатты сезілуі мүмкін дейді мамандар. Жағдайды бағамдаған шаруашылықтар бар суды ысырап қылмай, барынша үнемдеп пайдаланудың әдіс-тәсілін қолдануға көшкен.

Жалпы тіршілігі Сырдарияға тәуелді өңір диқандары күріш егістігін қысқартқанымен, оның орнына суды аз қажет ететін дәнді-дақылдардың көлемін ұлғайтып отыр.

Жүсіпбек Әжібеков, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Мал азықтарының ішінде жоңышқаның үлесін 3600 гектарға көбейіп отыр, сонымен қатар картоп, көкніс бақша дақылдарын да әлеуметтік маңызы болғандықтан мың гектарға көбейтілді.

Көктемнің бір күні жылға азық деген. Диқандар қауымы мамыр айының соңына дейін тынымсыз еңбек етіп, күріш алқаптарын суға бастырып үлгеруі тиіс.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу