Абай облысының Үржар ауданында аюдың малға шабуылдауы жиілеп барады. Өйткені өңірде соңғы кезде Тянь-Шань қоңыр аюы тым көбейіп кеткен. Жыртқыштардың саны «Тарбағатай» ұлттық паркі құрылғалы еселеп артқан көрінеді. Қорық аумағындағы маймақтар енді малшыларды үрейде ұстап отыр. Төрт-түлікті қырғаны былай тұрсын, жолыққан адамдарға да шабуылдай бастаған.
Қыстауы Қытаймен шекараның дәл іргесінде орналасқан Ербол Омбаев биыл ірі қарасын ауыл маңында ғана бағуға мәжбүр. Жаз шыға жайлауға барудан қалған. Өйткені ұзаса, қоңыр аю ірі қараны қырады.
Ербол Омбаев, бақташы:
Адам жейді ана аю. Енді содан кейін қиындау болады. Неғұрлым ату керек қой. Мылтық ұстатпайды. Мылтық ұстатса, кішкене қорғанасың ғой әйтеуір. Ертең қазақ үйде отбасымызбен қырып кете ме, құдай білсін. Биыл 5 бас малымды жеп кетті, түгін қалдырмай.
Тауды мекендейтін Тянь-шань қоңыр аюы соңғы кезде жемтік іздеп, жазыққа түсіп, адамға да шабуылдай бастаған.
Жеңіс Абылханов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Аю қоймайды. Біз тамызда қашып келіп алдық. Ағам аман-есен қалды. Атымен қоса қуалаған ғой. Ат үркіп қашқан.
Рафхат Сұлтанмахмұтұлы шаруа қожалығының жетекшісі:
Табиғатты қорғау керек. Дегенмен де бір шара қолданбаса болмайды. Бұл қорық болғанан кейін оған не мылтық ұстай алмаймыз. Қазір енді малшы жоқ. Бәрі қашып кетіп жатыр. Ертең адам жесе ғана қозғала ма деп ойлаймыз.
Өңірде «Тарбағатай» ұлттық табиғи паркі құрылған 5 жылдың ішінде қасқыр мен аю сынды жыртқыштар тез көбейген. Қорық қызметкерлерінің есептері бойынша маймақтың саны 84-ке жетіпті. Бұл тек фототұзаққа түскендері ғана. Негізі одан бірнеше есе көп көрінеді. Бірақ, мамандар Қызыл кітапқа енген аң заңмен қорғалғандықтан, шарасызбыз деп отыр.
Азамат Рақымбеков, «Тарбағатай» МҰТП аңшы-биологы:
Ерекше қорғалатын табиғи аумақта аң аулауға тиым салынған 48-бап бар. Соған байланысты қолымыздан түк келмейді. Жоя алмаймыз. Күзет қою керек. Қарау керек жайылыста жүрген малдарын.
Биылғы жазда Бақты ауылына қарайтын шаруашылықтардың әрқайсынан кем дегенде 5-6 ірі қараны аю жемтік қылған. Тұрғындар жағдай одан бетер ушықпай тұрғанда, мәселені Үкімет деңгейінде реттесе, дейді. Өйткені, «малым жанымның садағасы» деп әупіреңдеп әрең жүрген жұрт, бұлай жалғаса берсе, жыртқыш адамды жазым ете ме деп қорқады.