Әкім сайлауы – халық таңдауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкім сайлауы – халық таңдауы

03.10.2023

Әкімдер бюджетті толық басқарса, жергілікті мәселелер жылдам шешілер еді. Елге танымал «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэр осылай деп есептейді. Кәсіпкердің пікірі Президенттің тапсырмасымен үндеседі. Себебі, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн» деген еді.

Елде аймақтарға қатысты маңызды реформа жүргізіліп жатыр. Ауыл әкімдерін халықтың өзі таңдады. Енді, аудан басшыларын бұқара анықтайтын болады. «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэрдың айтуынша, сайланған әкімнің өзін көрсетуге тек бір ғана мүмкіндігі болады.

Иван Сауэр, «Родина» ЖШС басшысы:

Егер әкім өзіне артылған сенімді ақтамаса, келесі жолы оған дауыс бермейді. Әкімдерді сайлау бұл алдыға жылжу деген сөз. Өте маңызды қадам. Бірақ, бұл жерде бір мәселе бар. Әкім қайыршы болмауы керек. Олар кәсіпкерлерге сұраншақтап жүрмеуі керек. Бұл дұрыс емес. Әкімнің қолына ресурс беріп, сол территорияда өзі шешім қабылдауы қажет.

Президент Жолдауында аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек,-деді. Сондай-ақ, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек айтқан болатын. Бұл іс біртіндеп іске аса бастады. Ал сайлау – соның алғашқы қадамдарының бірі.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әрине, көш жүре түзеледі. Сондықтан, егер бір кемшіліктер болатын болса, белгілі бір механизмдерді жетілдіру керек болатын болса, онда болашақта заң арқылы да, нормативтик актілер арқылы да жетілдіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бірақ, бұл сайлау - елді дамытудағы үлкен прогресс.

Барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек. Бұл Жолдауда жүктелген міндеттің бірі.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу