«Дос-Мұқасан» фильмі Брюссельде көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дос-Мұқасан» фильмі Брюссельде көрсетілді

28.09.2023

«Дос-Мұқасан» фильмі Еуропалықтарға ұсынылды. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі мен Франциядағы қазақ киносы қауымдастығының ұйымдастыруымен туынды Брюссель кинотеатрында көрсетілді. Фильм қазақ эстрадалық музыкасының негізін қалаған «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылуы, өнер жолында кездескен қиындықтары мен жетістіктері жайында түсірілген. Қарапайым студенттерден құралған топтың уақыт өте келе халықаралық байқауларда топ жарып, әлемге танылғаны Еуропа жұртын тәнті етті. Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілдері аты аңызға айналған ансамбльдің шынайы тарихына қанығып, сол кездегі музыкалық рухтың ерекше атмосферасын сезінгендерін айтады.

Жанар Қоныс, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

Екі сағат бойы ескі әндерді тыңдадық. Тарихи және әр кезеңде болған оқиғалармен таныстық, осы топтың қалай басталғаны, дамуы туралы тыңдадық. Өте жақсы әсер алдық, рахат уақыт өткіздік. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз.

Арно Ван Дер Хасселт, Брюссель қаласының тұрғыны:

Қазақ киносын тұңғыш рет тамашаладым. Қатты ұнады. Туындының арқасында қазақ әндерін тыңдадым, елдеріңіздің тарихы жайлы мағлұмат алдым. Өзім Астана мен Алматыда бірнеше рет болғанмын. Осы фильмнен кейін елдеріңізге тағы да сапарлағым кеп кетті.

Н.Қасым

Хабарламаларға жазылу