Халық алғысына бөленген жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық алғысына бөленген жандар

23.09.2023

Еңбек адамы елеусіз қалмайды. Ақтөбелік Серік Қобылашев 33 жылдан бері құрылыс саласында қызмет етіп келеді. Ол жай құрылыс емес, жұртшылыққа қажетті әлеуметтік нысандар салумен айналысады. Ал Нүрке Дияров болса, шаһарды жылумен қамтамасыз ететін мекеменің белді маманы. 

Нүрке Дияров ұзақ жылдардан бері жылу тарату мекемесінде еңбек етеді. Ол өзінен кейін келген жастарды баулып, көрген-түйгенін үйретуден жалықпайды. Ол жауапты қызметте ешқашан теріс әрекетімен көзге түскен емес. Өйткені, ол халықтың сенімі мен алғысын арқалап жүрмін дейді.

Нүрке Дияров, жылу орталығының қызметкері:

Менің жұмысқа келгендегі міндетім, мақсатым – қалаға жылу беру, су беру, жарық беру. Халық қиындық көрмесін, жағдайлары жақсы болсын деп қызмет етіп жүрмін.
Ал Серік Қобылашев құрылыс саласында, прораб болып қызмет етеді. Әріптестерімен бірге осы уақытқа дейін онға жуық әлеуметтік нысан салған. Ол мекемелер қазір аудандарда ел игілігіне қызмет көрсетіп тұр. Тәжірибелі маман қай істе болмасын жауапкершілік алдыңғы орында тұруы керек дейді.

Серік Қобылашев, құрылысшы:

Осы қаланың көркеюіне, әдемі ғимараттар мен үйлерді тұрғызу үшін қосып жатқан үлесім зор деп білемін. Жастардың спортқа, өмірге бейімделуі үшін көңіл бөлуге тырысамын.
Серік бастаған құрылысшылар қазір Ақтөбе қаласында дене шынықтыру кешенін салып жатыр. Басты міндет - нысанды уақытылы әрі сапалы етіп тапсыру. Ел алғысын арқалаған жандар өздеріне қойылған міндетті абыроймен атқаруға қашанда дайынбыз дейді.


Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу