Алматы облысында оқушылар бір ғасыр бұрын салынған мектепте білім алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында оқушылар бір ғасыр бұрын салынған мектепте білім алып жатыр

21.09.2023

Алматы облысы Сарыбұлақ ауылының балалары осыдан бір ғасыр бұрын салынған мектепте білім алып жатыр. Нысанның қазір қабырғасы қақырап, едені отырып, шатыры шұрқ тесікке айналған. Білім ошағында заманауи жабдықтар атымен жоқ. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестің бейнематериалы.

Сарбұлақ ауылының оқушылары денешынықтыру сабағын далада өтеді. Өйткені спортзал жоқ. Қыста қар, көктем мен күзде саз кешіп, сырқат табады дейді ата-аналары.

Бұл ғимарат сонау 1933 жылы салынып, күрделі жөндеу көрмеген. Ал, мұндағы жабдықтар 60 жылдан бері жаңартылмапты. Бір қызығы кезінде еңбек пәні оқытылған шағын ғимарат қазір спортзал қызметін атқарады. Ауа-райы құбыла қалса оқушылар денешынықтыру сабағын осында өтеді.

Бос отырмас үшін бастауыш сыныптар сурет салады, ал жоғарғы сынып оқушылары үстел ойындарымен алданады. Тек түрлі жарыстардың алдында ғана күннің суығына қарамастан далада жаттығады екен.

Динара Оразай, оқушы:

Бүгін бізде кестеге сай жеңіл атлетика болуы керек еді. Алайда ауа райына байланысты үстел ойындарын ойнап отырмыз. Бізде ел қатарлы үлкен спортзал болғанын қалаймыз.

Қазір мұнда 290 бала 2 ауысыммен, 3 ғимаратқа бөлініп оқиды. Айтуларынша жаңбыр жауса төбесінен су ағып, қабырғасынан сыз өтеді. Ал, қыста ағаштан жасалған жұқа терезелерінен жел үрлеп, кабинетте отыру қиындай түседі.

Жібек Жұмаділова, ауыл тұрғыны:

Менің он немеремнің барлығы осы мектепте оқыған. Бәрінің денсаулығы жоқ. Тіпті, мұғалімдердің жағдайларф жасалмаған. Сыныпта қалың киініп отыруға тура келеді. Мұндай мектепте білім алудың өзі қиын ғой.

Мәдина Асқарова, мектеп директоры:

Мектепке жылу беретін қазандықтар оқу орнынан алыс орналасқан. Бүгін қажетті заттарды күтіп отырмыз. Мектептің терезелері ескірген, суық жел соқса сынып салқындап кетеді. Сондықтан жылыту қиын болып тұр.

Тұрғындардың сөзінше, оқушылар оқитын мына басты ғимарат кезінде маңайдағы табак егілген алқаптарда еңбек еткен жұмысшыларға арнап салынған жатақхана. Жаң мектеп сұрап бармаған жері баспаған тауы қалмаған ата-аналардың талабына жауапты мекеме өкілдері былай жауап берді.

Жарқын Нұрғалымов, Еңбекшіқазақ ауданы, білім бөлімінің басшысы:

2024 жылға білім басқармасына 280 орындық мектептің жобалық сметалық құжатына қаржылық өтінім бердік. 2024 жылы қаражат бөлінсе, 2025 жылы Сарыбұлақ ауылына 280 орындық мектеп салынады.

2000 мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенді алаңдатқан мектеп жайы алдағы 3 жылда шешіледі деп отыр жауаптылар. Ата-аналар оған дейін ғимарат опырылып, балаларымыз үйінді астында қалып кете ме деп алаңдайды.


Хабарламаларға жазылу