Ақтөбе облысында оқушылар апатты мектепте оқып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында оқушылар апатты мектепте оқып жатыр

11.03.2022

Оқушылар апатты мектепте оқып жатыр. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының Темір көпір аулында балалар 80 жыл бұрын саманнан салынған ғимаратта білім алуға мәжбүр. Мектептің тозығы жеткені сонша, қабырғалары үгітіліп, төбесі опырылуға шақ тұр. Жуырда тура сынып бөлмесіндегі пештен өрт шыққан.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл мектеп директорының кабинеті. Бар болғаны төрт шаршы метр ғана. Одан кейін екі сынып бөлмесі орналасқан. Құрқылтайдың ұясындай жерде білім алып жатқан оқушылар спорт зал мен кітапхананың не екенін де білмейді. Есік құлайын деп тұр!

Бастауыш мектептің апатты күйде екені кіреберісінен-ақ байқалады. Алпыс үйлі ауылдағы 26 бала осында оқуға мәжбүр. Әуелде бұл вокзалдың ғимараты болған. Соңғы 50 жылдан бері мектеп ретінде пайдаланып келеді. Соңғы жылдары мұнда білім алу балалар үшін аса қауіпті болып тұр.

Еламан Қапанов, ауыл тұрғыны:

Неше түрлі жағдайлар болды, мектеп ішінде өрт шықты. Соның өзінде әлі күнге дейін балалар оқып жатыр. Бұл мектепті қауіпті деп жапты да ауылдан бір үйді қарады. Ол үй пайдалануға келмейді. Өйткені қауіпті жағдайда тұр.

Жуырда сынып ішіндегі пештен өрт шығып, қызыл жалынды мұғалімдер әрең сөндіріп алған. Абырой болғанда ол кезде іште оқушылар болмапты. Өркениеттен қағажу қалған балалар жайлы сынып, жарық бөлмені армандамақ түгілі әжетхана үшін сыртқа шығуға мәжбүр. Ол аз болғандай темір жол да мектептің дәл алдымен өтеді.

Гүлмира Төлегенова, ауыл тұрғыны:

Бұл мектеп емес, бұл вокзал. Мектеп деп айта алмаймын. Балаларымды жібергім келмейді, бірақ амалым жоқ. Қайда барады балалар? Үйде қалай оқытамын? Әрине қорқамын. Мектеп ыс болғаннан кейін есіктің бәрін ашып тастайды. Балалар киіммен отырады.

Жоспар бойынша ауылда жаңа мектеп 4 жыл бұрын бой көтеруі тиіс еді. Алайда, қаржы жетпей, құрылыс сол күйі басталмады. Ең қызығы – ескі нысан құжат жүзінде апатты деп танылмаған.

Жеңісбек Ақберген, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

2017-2018 жылдары мердігер мен аудан әкімдігімен келісім шарт жасалған болатын. Сол жылы құрылыстың тоқтауына қаржы бөлінбеуі себеп болған. Мектеп құрылысы осы жылғажоспарланған. Мердігер анықталғаннан кейін биыл салынатын болады.

Ауылда 100-ге тарта оқушы бар. Жоғарғы сыныптағылар көрші ауылға қатынап оқиды. Тіпті, облыс орталығындағы туыстарының үйінде жатып, білім алып жүргендері де бар.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу