Талдықорған қаласының тұрғындары екі аптадан бері ыстық суға зәру. Себебі қалада алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Көшелерде жер астындағы құбырлар жаңартылып, қазандықтар жөндеуден өтуде. Ыстық судың өшірілетіні туралы ақпарат алдын ала берілсе де талдықорғандықтар үшін бұл түрлі қолайсыздықтар туғызуда. Біріншіден, мұндай жұмыстар тамыз айында және қысқа мерзімде жүргізілетін. Ал қазір дәл сабақ басталғанда қолға алынғаны әсіресе көп балалы отбасыларға және егде азаматтарға қиынырақ тиюде.
Бақыт Тұрсынбекова, қала тұрғыны:
Жалғызбасты үлкен адамдар да бар ғой. Сондықтан қиындау енді. Талдықорғанның қанша жылдан бергі тұрғыны ретінде білетінім әрі кетсе 7,10 күннің ішінде жөндеп, қосып тастаушы еді. Осы жолы кішкене кешігіңкіреп қалды. Әрине бұл енді дұрыс емес деп ойлаймын.
Қалаға ыстық су әлі он күндей берілмейді. Атқарушы биліктің мәліметінше, орталық қазандыққа түсетін салмақты азайту үшін «Қаратал» ықшам ауданының жылыту жүйесін толығымен басқа қазандыққа көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті қосалқы бөлшектер кешігіп келгендіктен жұмысты да кеш бастауға мәжбүр болған. Мұнан бөлек қалада әр жерде 5,5 шақырым құбыр ауыстырылып жатыр. Үш қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілген.
Ақжан Төлеубай, Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:
Суды қосу уақыты жоспар бойынша 26 қыркүйекке жоспарлап отырмыз. Егер де оған дейін ертерек жұмысты бітіріп жатсақ, ыстық суды ертерек қосамыз.
Қуаныш Қанатұлы