Құрылысы аяқталған республикалық маңызы бар жолдардан ақау анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылысы аяқталған республикалық маңызы бар жолдардан ақау анықталды

14.09.2023

Жыл басынан бері Алматы мен Жетісу облыстарында құрылысы аяқталған жолдардан 481 ақау анықталған. Оның 380-нен астамы республикалық маңызы бар күре жолдар. Әлі ретке келтірілмегені көп. Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа» орталығының өкілдері айтты. Ал мердігер компанияларға тапсырыс беруші «Қазавтожол» мекемесі талапты күшейтетінін алға тартты.

Алматы-Екатеринбург бағытындағы тас жолда құрылыстың жүріп жатқанына 3 жылдан астам уақыт өтті. Асфальттың қалыңдығы 12 сантиметр, ал енінің ұзындығы 9 метр 75 сантиметрден кем болмауы тиіс. Мамандар бұған дейін дәл осы учаскеде үш бірдей ақаудың анықталғанын айтып отыр.

Руслан Қашқынбай, Жол активтері ұлттық сапа орталығы алматы облыстық филиалының бөлім басшысы:

Ол айналма жол, шұңқырлар болған, екіншіден, техникалық қауіпсіздік сақталмаған, каскаларын кимеген жұмысшылар. Үшіншіден, жол-құрылыс материалы дұрыс болмаған. Бетондар, арматуралар жабылмаған, ашық ауада болғаннан, астында төсеніштері болмағаннан кейін дұрыс сақталмаған.
Тексеріс мұнымен бітпейді. Жолдың сапасын нақты анықтау үшін ұлттық сапа орталығы осылай асфальтты ойып, сынама алады,қай учаскенікі екені құпия сақталып, QR-код арқылы зертханаға тапсырылады. Тоғыз ай ішінде Алматы қаласы мен облысы және Жетісу облысынан 2 мың 500 сынама өткізілген. Республикалық маңызы бар трассадан алынған сынаманың 25, қала мен ауыл ішілікі жолдардан алынғандарының 40 пайызы талапқа сай болмай шыққан.

Айдын Әшірбеков, Жол активтері ұлттық сапа орталығы алматы облыстық филиалы сынақ зертханасының меңгерушісі:

Көбіне асфальтті-бетоннан алынған сынамалардан су мен қанықтығымен тығыздалу коэфиценті шықпай жатады. Ол дегеніміз жолды салу технологиясы дұрыс жүрмеген немесе асфальтты бетонның өзі зауыттан шыққан кезде дұрыс емес болған. Біз асфальтты бетон қоспасын тексергенде түйіршік құрамы дейді, сол дұрыс емес болғандықтан, дұрыс салынғанымен стандартқа сәйкес келмейді.
Ал сәйкес келмеген асфальттан төселген жол көп ұзамай ойылып, шұрық-тесікке айналады. Осындай олқылық «Кеген-Көкпек» республикалық тас жолынының кейбір бөліктерінде анықталған. Мамандар 4 ай бұрын мердігер мекемеге ескертілді, бірақ әлі қалпына келтірілген жоқ дейді.

Сырым Хамзин, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Сапасыз жұмыс жасалынса, оны мердігер компания өз қаражатымен жасауға міндетті және біз талап етеміз. Сапасыз істелінген жұмысты біз қабылдамаймыз. Ол жұмыс тексерістен өткеннен кейін ғана жұмысшылардың ақысы төленетін болады.
Шетел компаниялары келіп, техника алу және осы жақта біздің азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету жұмыстары нашар жүруде. Сол себепті отандық компанияларға көп акцент қойып отырмыз.

Қазавтожол компаниясы Көлік министрлігімен бірге мердігерлерге қойылатын талаптарды қатаңдату жұмыстары жүріп жатыр дейді. Бақылауды күшейту керектігін екі апта бұрын Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан. Жауапты мекемеге алдағы 6 жылда 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет екені ескертілді.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу