Қостанай облысындағы ауылдарға асфальт жол арманға айналды
Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы ауылдарға асфальт жол арман болып отыр. Міне, дәл осындай ми батпақ. Өңірдегі 400 шақырымға жуық жолдың 90 шақырымына ғана тас төселген. Қалғаны биіктетіп үйілген борпылдақ топырақ. Күн бұзылса лайға айналады. Былтыр Ахмет Байтұрсынұлы ауылына салына бастаған асфальт та әрі қарай төселмейтін болды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ауылына аудан орталығынан баратын жолдың сиқы осы. Ешқашан асфальт көрмеген. Күн ашықта ақ шаң, жаңбыр жауса ми батпақ – лайсаң. Міне, кеше жауған жаңбыр мына жердің ойран-топырын шығарған. Енді ғана дегдіп, кебе бастапты. Көпшіліктің көрген күні осы. Ұлы Жыланшық өзенінің үстінен салынған көпірден Ахмет ауылына дейінгі төрт шақырым жерде көтерме жол да жоқ. Күн жауса қатынас тоқтайды.
Жоламан Мырқанов, жолаушы:
Жалғастыру керек қой бастаған істі. Былтыр Ахметтің 150 жылдығында әдемі бастап еді, аяғына жетпей қалды. Алдыңғы күні өткем ауылға. Содан жаңбыр жауып кетіп қайта алмай қалдым. Жаттым жердің кепкенін күтіп.Арғынбай Бөрібаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:
Жаңбыр жауады, жолаушы жолда қалады. Енді Үкімет осы жолымызға асфальт төсеп берсе. Былтыр қиыршық тас төсейміз деп еді, ол да жоқ, қалды. Өзің көріп келдің жолдың жәйін.Әкімдіктегілер Шұбалаң – Байтұрсынов бағытында былтыр асфальтталып басталған жолды биыл әрі қарай жалғастырамыз деп уәде берген. Жаз өтті, істеліп жатқан жұмыс жоқ. Ұлт ұстазы туған жерде музей үйі, кесенесі, әулетінің қорымы жатыр. Киелі мекенге тәу етіп келушілер де көп. Алайда жолдың жоқтығы туризмді дамытуға да тұсау.
Әбсалық Жақсымбеков, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:
Жан жақтан, тіпті шетелден адамдар келуі мүмкін ғой. Олар келгенде мына жолды көріп, бұл Қазақстан Ахметті қадірлемейді екен деп ойлап кетуі мүмкін ғой.
Ауданы басшылары уәдеден танбадық, жол жөндеуге қаржы бөлінді деп отыр. Тек осы уақытқа дейін мамырда жарияланған тендерге қатысатын мердігер шықпапты.
Айдаралы Талпақов, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары:
Мердігер мамырда анықталды. Былтыр Шұбалаң Қарасудың 26 шақырмына асфальт салдық қой. Қалған жұмытсарын құм аралас қиыршық таспен алмастырдық. 50 шақырым. Сосын әрі қарай 4 шақырымға көтерме жол салынады.
Енді жұмыс 23 қыркүйекте басталуы тиіс. Сонымен қатар биыл Торғай - Ақшығанақ бағытындағы жолдың 10 шақырымына жөндеу жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі көтерме жолды биіктетіп, табанына құм аралас қиыршық тас төсеу ғана. Ал тақтайдай тегіс асфальтпен жүру шалғайдағы жұртқа әзірге арман күйінде қалып тұр.
Дәуренбек Әбдібек