Мемлекет басшысы LY iTECH компаниясының төрағасы Цзэн Фанцинь мен HGTECH Co. Ltd компаниясының төрағасы Ма Синьцянды қабылдады. Кездесу барысында тараптар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және қосалқы бөлшектер мен лазерлік құрылғы өндіру үшін Қазақстаннан сирек кездесетін металдарды тұрақты түрде жеткізу ісін жолға қою перспективаларын талқылады. Сонымен қатар еліміздің инновациялық әлеуетін нығайту мәселелері де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің стратегиялық серіктес екенін, соның ішінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы аясында ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.