Құмар ойындарды ұйымдастырушылардың табысы 6 есе өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құмар ойындарды ұйымдастырушылардың табысы 6 есе өскен

12.09.2023

Букмекерлік кеңселер және басқа да құмар ойындарды ұйымдастыратын компаниялардың табысы өткен жылы 6 есе өсіп, абсолютті рекордқа жеткен. Мыңдаған отандасымыз тапқан-таянғанын бәс тігуге жұмсап, соңғы үш жылда 1 трлн теңге құртқан. Ресми дерек осылай дейді. Ал психологтар бәс тігу аса қауіпті індет деп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияға деген тәуелділікті психикалық ауытқушылық деп таныған. 

Жүзін жасыруды өтінген бұл азамат құмар ойынға 15 жылдың ішінде 70 млн теңге салып жіберген. 18 жасында достарының айтуымен қызығып, кейін тәуелді болдым дейді. Өзінің адасқанын сезбей, қайта бәс тігу үшін ұрлыққа барады, алаяқтықпен айналысады. Салдарынан отбасысының ойраны шығады, 3 ұлы әкесіз қалады. Дос та, туыс та сырт айналады.

Ал Қостанайлық жас жігіт қазір құмарлықтың құрсауынан арылып, енді бұған жоламайды. Әлі күнге дейін өткенін өкінішпен еске алады.

Тіпті сондай уақыт болған. Кешке қарай үйде отырамын да телефондағы  тізімді қараймын. 200 адамның жартысына қарызбын, жартысы бермейді, сенбейді. Ең үлкен иллюзия түбі ұтамын, жабамын, қарызын беремін, сосын олар мені ұмытып кетеді деген оймен жүрдім. 

Елордадағы ойынқұмарларды емдейтін орталыққа күніне кемі 20 қоңырау түседі. Бұл дерт жас таңдамайды. Пациенттердің алды 14-те. Көп ата-ананың салы суға кетіп, үмітсіздікпен келеді дейді.

Аманжан Әбдікәрімов, Оңалту орталығының маманы:

4 кезең бар. Бірінші, танысу, одан кейін жақсы көру, дұшпан болады. Кейін құлдық. Ал құлдықта адам ойнағысы келсе де, келмесе де ойнайды. Лудоманиядан емделіп шығуға болады. 

Құмар ойындардың жарнамасын жүгендеу керек. Қоғам белсенділері дәл осылай дабыл қағып отыр. Алайда психологтар тәуелділік санада дейді.

Анаргүл Ибрайымбекова, психолог:

Тіпті шок терапиялар қолданады. Адамды алып шығу үшін қатты сөйлеу арқылы сол шынайы емес өмірден кері алып шығу үшін қолданылады. Адамға қуаныш сезімін сыйлайтын антидепресанттар да тағайындайды.

Аида Ахметбек - тілші:

Елімізде әрбір бесінші жас лудоман, құмар ойынның құрығына ілінген. Кейінгі 4 айда букмекерлік компаниялардың айналымына 100 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. 

Осылайша, адам кейде шынайылықтан шатасып, ақиқаттан адасып кетеді. Шалыс басқан әр қадамының өкініш оты өртейтінін біле тұра, қателіктің жолын адымдап аттайды. Уақытында құлшынысқа құрық салмасаң, бәрі кеш болады. Ауруын жасырған өледі.


Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу