Бірқатар өңірде жол салуға арналған бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану жағдайлары анықталып жатыр. Бұл жайында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жолдың сапасына қатысты сала мамандарымен өткен жиында айтты. Мәселен, Жетісу облысының прокуроры ақшаны заңсыз жұмсау фактілерін анықтаған. Осының нәтижесінде жалпы құны 3 миллиард теңгенің 35 конкурс рәсімдері тоқтатылды. Көлік министрі Марат Қарабаев Президенттің 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндетін қойғанын баяндады. Мәселен, таяу жылдары жалпы ұзындығы 5 мың шақырымға жуықтайтын негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр. Олар: саланы жаңғыртуға және «ТрансКаспий» халықаралық көлік бағытында республиканың транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Тұрғындардан жолға қатысты түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елдімекендер арасында жақсы жолдар қажет. Сондықтан, жолдың сапасына баса назар аударыңыздар. Жаңа асфальт көктемде қармен бірге еріп кетіп жүрмесін.
Самал Қабышева