Су тапшылығынан тарығып, қиналған жамбылдық шаруалар ғана емес. Биыл жазда түркістандық, қызылордалық диқандарға да су жетпеген еді. Жалпы, Қазақстандағы ішкі судың жартысынан көбі осы аграрлық салаға жұмсалады.
Су тапшылығы төрткүл дүниеге тән үлкен проблема. Қазірдің өзінде әлем халқының 40 пайызына су жетіспейді. Ал дүниежүзіндегі табиғи апаттардың 90 пайызы сумен байланысты екен. Бұл - Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі.
Қазақстанда да жағдай ушығып барады. Каспий тартылып жатқаны жайлы өткен аптада да дабыл қақтық. Ал осы жетіде теңіздегі Ақтау және Құрық порттарының жұмысы шектелгені белгілі болды. Себебі кеме жағаға дейін жетуі үшін судың тереңдігі кемінде 6 метрден асуы керек. Қазір 5 метрге жетер-жетпес.
Салдарынан кемелер жүктің 75 пайызын ғана тасымалдап жатыр. Мәселені шешу үшін теңіз түбін тазалау керек. Оған 40 миллиард теңгеден астам қаражат керек, дейді мамандар. Биыл маусымда Ақтау әкімдігі төтенше жағдай да жариялаған. Себебі: су деңгейі қатты төмендеп, жағадан алыстап кетті деген еді.
Каспий 2005 жылдан тартыла басталды. Эколог мамандар осылай дейді. Ғарыштан түсірілген мынау фотолар - да соның айғағы. 18 жыл бойы қарт теңіздің суалып бара жатқанын жоғарыдан бақылап қана қарап отырғандаймыз. Каспий де, өзге мәселе де талай ақпарат құралында көтеріледі, бірақ көбіне елеусіз қалады. Өкінішті сол...
Қазір Каспий суы Балтық теңізі деңгейінен 29 метр төмен. Апатқа қатысты экологтардың пікірі әртүрлі. Бірі климаттың өзгеріп, жауын-шашынның азайғанынан көреді. Бірақ басым көпшілігі ағын су мөлшерінін төмендігінен деп топшылайды. Себебі Каспийге судың 95 пайызы Жайықтан келеді. Ал бұл өзеннің бастауы Ресейде екенін білеміз. Көрші мемлекет болса, Жайық жағасындағы су қоймалары мен өндіріс орындарын көбейтіп тастаған.
Енді осы мәселелерді жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі шеше ала ма? Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет бұл сала өз алдына жеке министрлік болып бөлініп жатыр. Бұл да түйткілдің ауқымын аңғартады. Үлкен мекеменің жұмыс істеуіне қомақты қаражат бөлінетіні түсінікті. Халықтың қалауы: сол ақша босқа кетпей, мәселенің шешілуі.
Ол үшін кәсіби маман жеткілікті ме? Тапшылық салдарын көріп отырмыз. Түпкі себебі анықталып, анализ жасала ма? Сұрақ көп. Елдос Есенбол жауап іздеуге тырысты. Ал мамандардың пікірі мен ұсыныстарына жаңа министрлік құлақ асса екен...
Тозығы жеткен арық, құмға сіңген су, қураған егіс. Қазақстан шаруаларының ортақ «жыры».
Абзал Сәрсенов, шаруа қожалығының директоры:
Менде 37 километр канал бар. Сол 37 километрдің өзіміз өз күшімізбен тазартып шығамыз. Бірақ енді әлде де қол күші жетпей жатыр. Осындай тоспа мысалы 12-сі бар 12-сінің сегізі ремонттаусыз жатыр.
Ал Түркістан облысындағы арықтардың жөнделіп бастағанына 5 жыл болған. Жобаға 100 миллиард теңге жұмсалған. Дегенмен, жұмыстың аяқталар түрі жоқ.
Сәрсенбай Шәмшиддинов, шаруа:
Су жоқ міне, сусыз отырмыз. Бәрі құрап жатыр мақтаның барлығы.Күніге мотордың басына барамыз, күніге осы су бермейді.
Негізі Қазақстанның оңтүстік өңірлері су қоры бойынша екінші орында.(Кестемен өңірлердегі су қоры көрсетіледі.) Бірақ Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысындағы тіршілік нәрінің қоры сарқылуға таяу. Себебі халық саны да, шаруашылық та көбейген.
Ерлан Бадашев, халықаралық сарапшы:
Бірінші айтатындары климат кінәлі дейді. Климат кінәлі емес. Климат жаратылыс, құбылыс ол. Табиғи құбылыс. Судың жетіспей жатқанына өзіміз, адам кінәліміз.
Бұл мәселенің түбі трансшекаралық өзендерге келіп тіреледі. Өйткені Қазақстан ағын суға келгенде көрші мемлекеттерге тәуелді. Жаңа министрліктің ең басты міндеті де осы. Себебі су - азық-түліктің одан әрі ұлттың қауіпсіздігі. Ал көршілермен арадағы келісімдер ескірген.
Қуаныш Айтаханов, мемлекет және қоғам қайраткері:
Қырғызстан енді айтты мысалы біздің басқа байлығымыз жоқ, негізгі байлымыз су көзі. Сол себептен біз суды сатамыз. Суды қыстыгүні сатамыз. Қыстыгүні сатса ол электр энергиясы болып сатылады. Ол қымбат болады. Одан көп ақша түседі қазынасына.
Бір ғана мысал: Сырдария суын қыста емес, егістік науқаны басталғанда жіберсе құба-құп. Ал, оған дейін Қазақстандағы су қоймасының барын жөндеп, жоғын түгендеу керек. 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу керек деген президент тапсырмасы да осы себепті болса керек. Әйтпесе...
Қуаныш Айтаханов, мемлекет және қоғам қайраткері:
30 жылдың көлемінде біз өзімізге келген суды сыйдыра алмай қыс айларында Арнасай арқылы Өзбекстанға беріп жатырмыз. Сөйтіп Өзбекстанның территориясында қазір 30 миллион шаршы метр куб су жатыр.
Сондықтан Ресеймен Жайықтың жайын, Қытаймен Іленің, тәжік, қырғыз, өзбекпен Сырдың суын бөлісуде салмақты келісімдер керек-ақ. Ол үшін Орта Азия мемлекеттерінің консорциумын құру керек дегенді ұсынады Қуаныш Айтаханов. Ал, халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев мәселенің шешімін тіпті әріден қарастыру керек дейді.
Ерлан Бадашев, халықаралық сарапшы:
Болашақ сондай мамандар су басшыларын дайындау үшін менің ұсынысым ортақ бір университет құру керек. Сонда 4 мемлекеттің сушы боламын деген балалары бір партада отыруы керек. Жатақханада бір комнатта жату керек.
Келіссөздер арқасында сырттан келетін су мәселесі шешілді делік. Келесі түйткіл – тариф. Ақша төлеудегі тұрақсыздық да шаруаларды шаршатады.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Механикалық су беру тарифтері бізде 15 теңге мен 30 теңгенің аралығында алады. Ал ағынды 0,70 – 1,2 дейді 1 метр куб үшін. Қызылорда облысын я болмаса Түркістан облысын Алматы мен Жетісу облыстарын салыстыруға болмайды ғой. Әр алқаптың ерекшеліктерін ескере отырып, әр облысқа өз тарифтерін бекітіп беру керек деп есептейміз.
Әрі сол тіршілік нәрін ысырап етпейтін жаңа технологиялар да қазақстандық шаруаларға толық жете қоймаған. Елдегі 1 миллионнан астам егістіктің 260-280 мың гектары ғана озық технологиямен суарылады.
Қуаныш Айтаханов, мемлекет және қоғам қайраткері:
Тамшылатып суаруменен жаңбырлатып суарудың құрал-саймандарын өзімізде шығаруымыз керек. Бізде ондай жоқ қазір. Шет елден аламыз. Шаруаларға барынша түсіндіру мәселесін жүргізуі керек. Суды үнемдеп пайдалансаң саған субсидия беріледі. Осындай технологияменен суаратын болсаң субсидия аласың. Немесе арзандатылған несие аласың деген сияқты.
Ең бастысы айтылған ойды іске асыратын маман жоқ. Ынталылардың да саны аз. Биыл Қазақстан бойынша гидрология саласына 274 грант бөлінген. Тек соның 77-сі игеріліп, қалғаны мемлекетке қайтарылған.
Ермекгүл Жаппақұлова, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі, профессор:
Неге біздің мамандықты таңдамайды деген мәселе туады. Ветеренария біздің ауылшаруашылығы саласында «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Сол бағдарламаға біздің балдар кірмей қалған. Стипендиясы бар болғаны 24 мың қазіргі таңда. Ал пединститутқа баратындар 70 мың. Екі есе көп.
Елдос Есенбол
