Бурабай курорттық аймағындағы «Rixos» қонақ үйінің 17 қызметкері астан уланып, 9 адам ауруханаға түсті. Ең қымбат қонақ үйде инфекцияның нақты қандай тағамнан шыққаны әзірге белгісіз. Толығырақ әріптесім Ұмсындық Наурызбаева айтады.
Базарбек Бек аспазшының көмекшісі. Ауруханаға кеше түнде түскен.
Базарбек Бек, науқас:
Ауруханаға кеше түнгі екіде түстім. Бірінші себептері: басым ауырды, температура болды. 38,2. Құсу. Өзімді нашар сезіндім.
Астан уланған қызметкерлердің алғашқы легі емдеу орнына осыдан екі күн бұрын түскен. Бүгін тағы екі адам аурухана төсегіне таңылды.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Жұқпалы ауруханаға жеткізілген қызметкерлерге бактериялық ішек инфекциясы диагнозы қойылып отыр. Қазір науқастардың дене қызуы түскен. Жағдайлары бірқалыпты. Ал үйлеріне жіберілген 8 адам дәрігерлердің жіті бақылауында.
Сәкен Қалымжанов, қалалық Көпбейінді аурухананың бас дәрігері:
Қызметкерлердің барлығы бір жерде тамақ ішкен. Оған қоса, науқастардың көбі бір бөлмеде жатқан. Бұл инфекция сапасыз тағам тұтынғандықтан пайда болады. Емдеу орнына жеткізілген жүкті әйелдердің жағдайы бірқалыпты. Денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.
Қазір аудандық сан-эпид бақылау басқармасы қонақ үйдің мейрамханасына жоспардан тыс тексеруді бастап кетті. Барлық тағамнан сынамалар алынып, зертханаға жіберілген. Оның алғашқы қорытындысы үш күнде белгілі болады.
Ұмсындық Наурызбаева