Қазақстанның елордасы мен Албания астанасы Тирана арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентімен келіссөз кезінде осындай бастама көтерді. Астанаға ресми сапармен келген Албания басшысы Байрам Бегай мен Қазақстан Президенті бүгін шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Келіссөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Байрам Бегай бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар.
Байрам Бегай, Албания президенті:
Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық-ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сізді Албанияға сапармен келуге шақырамын.
Данияр Қайыртай