Келешекте Астана мен Уфа шаһарларын жалғайтын тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келешекте Астана мен Уфа шаһарларын жалғайтын тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін

26.11.2018

Сонымен қатар, Қазақстанның Башқұртстандағы Құрметті консулы тағайындалатын болды. Уфа қаласына арнайы сапармен барған қазақ делегациясы башқұрт тарапымен алдын ала осындай келісімге келді. Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулы, «KazakhExport» компаниясының Ресейдегі өкілі және Сауда өкілдігінің қызметкерлерінен құралған топ Башқұрстан астанасында екіжақты байланыстарды арттыру үшін жан-жақты келіссөздер жүргізді.

Қазақстан мен Башқұртстан бауырлас елдер. Біздің тіліміз бен түріміз ғана емес, территориямыз да жақын. Мәселен, Уфа қаласынан біздің Оралға дейінгі арақашықтық небәрі 620 шақырым ғана. Сондықтан, екіжақты экономикалық байланыстарды арттырудың мүмкіндігі мол және ол қос тарапқа да пайдалы.

2017 жылы Башқұртстанмен арадағы тауар айналымның мөлшері 350 миллион доллар ғана еді. Әлбетте, бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан, қазақ делегациясы Уфа қаласына арнайы келіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытудың қамына кірісті. Башқұртстан астанасында өткен халықаралық форумда еліміздің экспорттық мүмкіндігі кеңінен таныстырылды. Шет мемлекеттердің ішінде алғаш болып Ресейде ашылған «KazakhExport» компаниясының өкілдігі енді осы өңірмен арадағы әріптестікті арттыруға баса мән бергелі отыр.

Данияр Тынымбаев, «KazakhExport» компаниясының Ресейдегі өкілі:

- Башқұртстан тарапы Қазақстаннан бірінші кезекте азық-түлік өнімдерін сатып алғысы келеді. Сонымен қатар, металлдан жасалған түрлі тауарлар мен машина құрастыру саласының өнімдері де сұранысқа ие. Ал, Башқұртстаннан біз мұнай-химия өнімдерін импорттай аламыз. Жалпы, біздің компания тек қазан айынан бастап Ресейде жұмыс істей бастады. Сондықтан, келешекте осы екіжақты сауда-саттықты басқа салалар бойынша да дамытуға күш салатын боламыз.

Руслан Мирсаяпов, Башқұртстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы:

- Қазақстан біз үшін ең маңызды сауда серіктестеріміздің бірі. Қазақ елі соңғы жылдары жоғары технологиялы өнімдер мен машина құрастыру саласын қарқынды дамытып жатқанын білеміз. Сол өнімдерді сатып алуға дайынбыз. Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндігін пайдаланып, келешекте өзара тауарайналымның мөлшерін арттыру керек деп ойлаймын.  

Қазақ делегациясы сапар барысында Башқұртстанның Үкімет басшысы Рустем Мардановпен де арнайы кездесті. Басқосуда екіжақты сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту жайы талқыланды. Тараптар көлік-логистика, мұнай-химия және агронеркәсіп кешені бойынша сауда-саттықты арттыруға келісті.

Еркін Тұқымов, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы:

- Башқұртстанның Премьер-министрімен маңызды мәселелерді талқыладық. Келешекте Қазақстанның Башқұрстандағы Құрметті консулы тағайындалатын болды. Сонымен қатар, екі елдің байланысын арттыру үшін арнайы жол картасы әзірленеді. Сондай-ақ, келешекте Қазақстанмен арада тікелей әуе рейстерін ашу мәселелерін талқыладық.

Башқұрт тарапымен алыс-беріс пен барыс-келісті көбейту жайы Уфа қаласының әкімі Ульфат Мұстафинмен болған кездесуде де сөз болды. Соның алғашқы қадамы ретінде қазақ тарапы Башқұрстандағы Қазақстанның немесе Астана қаласының мәдени күндерін өткізуді ұсынды. Көп кешікпей бұл шараның нақты күндері белгіленеді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу