Атырау облысында 3 миллионға жуық шабақ құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 3 миллионға жуық шабақ құтқарылды

05.09.2023

Атырау облысындағы Ойыл өзенінің үзіліп қалған бөліктерінен 2 млн 700 мың шабақ құтқарылды. Жайылма суда қалып қойған шабақтар туралы әкімдікке тұрғындар бейнежазба арқылы хабарлаған. Тасшағыл ауылындағы құтқару жұмысына 5 техника, 13 адам жұмылдырылды. Алынған мөңке шабақтары тереңдігі 2,5-3 метр болатын Арал және Бәйтік көлдеріне жіберілді.

Ержан Нұралин, Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Құтқару жұмыстары кезінде 1 кг 700 өлген балық табылды. Оны арнайы инспекция мамандарымен өлшеніп, тиісті орындарға көмілді. Қазіргі уақытта барлық округ әкімдері арқылы осындай көлдерді аралау жұмыстары жүргізілуде.

Зауыт маңындағы көлшікке қоқиқаздар қонды

Сондай-ақ, Атыраудағы көлшіктің бірінде сирек құбылыс байқалды. Мұнай өңдеу зауытының қалдық суы төгілген көлшікке бір топ қоқиқаз ұшып келген екен. Мамандардың айтуынша, қызыл кітапқа енген бұл құстар булану алаңынан қоректеніп жатқан көрінеді. Яғни, өндірістік су айдынындағы жағдай оңалып келе жатса керек. Қазір көлшікті кешенді түрде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 476 гектар жерден 355 мың текше метрден аса тұнба шөгінділері алынып, тазартылды. Жоба биыл аяқталмақ.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу