«Астана LRT» 1 шақырымы 38 млрд теңге: Аспалы жол халыққа қаншалықты тиімді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана LRT» 1 шақырымы 38 млрд теңге: Аспалы жол халыққа қаншалықты тиімді?

03.09.2023

Осы аптада атқанмінерлер Астанаға келіп жатқан халық нөпірін қадағалауды ұсынды. Премьер-Министрдің орынбасары лауазымына тағайындалмас бұрын Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ретінде «бұл шешімді дұрыс санайтынын» мәлімдеді. Өйткені бас қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы халық санының көбеюіне дайын емес, - дейді. Биыл Астанада су тапшылығы сезіліп, кестемен беру режимі енгізілгені бар. Тұрғындар балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың аздығы, көлік кептелісі сияқты мәселелерге жиі шағымданады. 

Облыс орталығынан ел ордасына айналғалы бері Астана халқының саны 300 мыңнан 1 миллион 300 мыңға жеткен. Миграцияның мұндай жылдамдығына Үкімет дайын болмай шықты. Дегенмен, әзірге Астанаға келу процессін шектеу туралы әңгіме жоқ. Тек тұрғындарға есеп жүргізіліп отырады, - дейді министрлік өкілдері.

Астана қозғалысын реттеу үшін деп салына бастаған LRT құрылысы биыл қайта жанданды. Ел аузында «Жемқорлық ескерткіші» деп аталып кеткен қымбат жоба туралы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр былай деген еді:

«Мойындау керек, жоба әу бастан қате болды. Оның үстіне жемқорлықтың иісі аңқып тұр. Бірақ, қазірдің өзінде қыруар қаржы кетті, енді оны бұзу уақыт пен ақша жоғалту»,-деген.

Содан кейін отандық және шетелдік сәулетшілер, урбанистер оның болашағын қайта талқылай бастады. Ал, биыл Мемлекет басшысы LRT-ны тездетіп салуды тапсырды. Осылайша, құрылысқа қайтадан жан бітті. Жобаға жауапты «City Transportation Systems» ЖШС мәліметінше, жұмысты аяқтауға әлі 1 млрд 888 миллион доллар қажет. Ол қаржыға жөндеу, күтіп ұстау депосы бар 19 пойыз сатып алу да көзделген. 

Ал осы уақытқа дейін қанша ақша желге ұшқанын қазір көпшілік санамайтын да болған. 2021 жылы «Астана LRT» ісі бойынша 7 адам 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Оларға 13 миллион доллар ұрлады деген айып тағылды. Астананың бұрынғы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды. 

22,4 шақырымдық жер үсті жолы сонау 2011 жылы басталған. 12 жылда Астанада 6 әкім ауысса да бітпеген істі енді 2 жылда аяқтау жоспарланып отыр. Аспалы жол талапқа сай әрі сапалы болуы үшін соңғы үлгідегі жүйемен жасалмақ. Мәселен, LRT қашықтан басқарылады. Пойыздар жүргізушісіз жүйткиді. Максималды жылдамдығы сағатына 80 шақырым. Сыйымдылығы - 650 адам.

Бірақ, көптің көкейінде сұрақ көп. Жол жүру құны қанша теңге болады? Пойыздардың интервалы қанша? Маршрут жолаушыларға тиімді ме? Осы бағытпен бір күнде қанша адам жүреді? Жобаға жұмсалған ақша ақтала ма? LRT салынса Қабанбай батыр мен Тұран даңғылындағы кептеліс азая ма? Міне, осындай сан сұрақтың жауабын Аманкелді Сейтхан іздеп көрді.

 Аманкелді Сейтхан, тілші:

Әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалының арасын жалғап жатқан мына бетон бағаналардың тұрғызылғанына бірнеше жыл болған еді. 12 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған LRT-ның осы уақытқа дейін 18 пайызы ғана салыныпты. Бірақ, биыл бағаналардың арасын жалғайтын темір төбелері салынып, станциялар аймағында қызу жұмыс басталған.

Ғани Тажиев, «City transportation systems» ЖШС басқарма төрағасы:

Мұны жылдамдату үшін 2 іске қосу кезеңіне бөлінген еді. 1-ші іске қосу кезеңінде 1 млрд 150 млн доллар тұрады. 2-ші іске қосу кезеңі 735 млн доллар.

Эстакаданы монтаждау, рельс төсеу, электрлендіру жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталуы тиіс. Ал 2025 жылы 8 станция пайдалануға берілмек. Құрылысқа қытайлық компания тартылған.

Нұрқожа Дүйсенәлиев, «LRT» жобасын зерттеуші:

ЛРТ өте шығынды құрылыс. Және жұмысшылар өте көп. 600 жұмысшы келген мұны істеуге. 60 пайызы шет елден алып келген. Және соларға жалақы беру керек.

Ғани Тажиев, «City transportation systems» ЖШС басқарма төрағасы:

ЛРТ жобасы біздің қалаға керек. Біліп жатсыздар қала өсуде. Оны әлеуметтік жоба деп түсіну керек, пайда табу жобасы емес. Бұл ең бастысы халыққа пайдалы болуы керек.

Шынында, LRT қаншалықты пайдалы? Мәселен, бағыты Әуежай - «Нұрлы жол» вокзалы. Бірақ, бұл жолдың бойында әзір халық аз.

Аманжол Чиканаев, архитектор:

Кезінде Экспоға 5 миллион қонақ келеді делінді. Сондықтан, әуежайға келгендерді орталыққа ЛРТ-мен жылдам жеткізу керек болды. Бірақ, жемқорлық салдарынан жұмыс мерзімінде бітпеді. Кейін бұл бағыт тиімсіз көрінді.

Ғани Тажиев, «City transportation systems» ЖШС басқарма төрағасы:

Біз оны қарастырып жатқан жоқпыз ғой. Әуежайдан мініп тек вокзалға шейін барады деп. Оның ортасында станциялар бар. Бүгінгі күні жіберетін болсақ, осы бойынша 8 станциямен 25 мың адамдай қолданады деп біз ойлаймыз күніне.

Станция демекші, 2025 жылы 8 станция ғана іске қосылады. Олар Қабанбай батыр айналма жолы, Мега орталығы, Ботаникалық бақ, Сығанақ көшесі, Әбу Даби Плаза, Орталық музей және Вокзал. Қалған 10 станция 2026 жылдың соңына дейін кезек-кезек беріліп отырмақ

Санжар Казиев, Қазақстан урбанистер қауымдастығының мүшесі:

Негізі, оң жағалау мен сол жағалауды жалғап, ескі вокзалға дейін салынса жақсы еді. Өйткені, осы бағытта қоғамдық көлікпен жүретіндер көп.

Ғани Тажиев, «City transportation systems» ЖШС басқарма төрағасы:

Біз ЛРТ-ны қосқаннан кейін біз автобустардың бағдарларын өзгертуіміз керек. Бұл тасымалдау жасау керек те, ЛРТ-ны қолдану үшін. Мысалы, автобус осы линиямен жүретін болмау керек.

Сонда халық LRT-ге мінеді. Бірақ, станциялар қашықтығына шағым көп. Мысалы, 1-ші кезеңде Әуежайдан Сығанаққа дейін 5 станция салынса, осы бағытпен жүретін 10-шы автобустың 16 аялдамасы бар екен.

Аманжол Чиканаев, архитектор:

LRT-ның тек кемшілігін көрмеу керек. Оның имидждік пайдасы да бар. Мысалы, аспалы жол Астананың ең көрікті жерлерімен өтеді. Сондықтан, қала қонақтары сол көріністі тамашалау үшін де мінуі мүмкін.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

LRT-ның 6 шақырымнан астамы Қабанбай батыр даңғылының бойында салынып жатыр. Ал бұл көшедегі көлік кептелісі көптен бері шешілмей келеді. Соңғы кезде аймақта жаңа үйлер салынып халық саны одан да артуда. Ал осы тұста көшедегі көлік кептелісін азайтуға LRT қаншалықты әсер етеді.

Санжар Казиев, Қазақстан урбанистер қауымдастығының мүшесі:

ЛРТ кептеліс мәселесін тікелей шешпейді. Оған кешенді қарау керек. Мысалы, Қабанбай батырдағы көліктің дені Қосшыдан келеді. Сол бағытқа ыңғайлы қоғамдық көлік ойластырған жөн.

Ғани Тажиев, «City transportation systems» ЖШС басқарма төрағасы:

Қосшы бағытында ол жерде 25 мың адамдай тұрғын пайдаланады біздің автобустарды. Ол жерде 8 шақырымдай зерттеу жүргізілуде.

Бұл зерттеумен кептеліс біте ме? Белгісіз. Белгілісі, қазір LRT салынып жатқан Сығанақ көшесінің бір бөлігі жабылып, көлік тығыны тіпті көбейді. Көше 30 қарашаға дейін ашылмайды. Алдағы уақытта жоғарыдағы станцияға жету үшін 7 жер үсті, 10 жерасты өткелі салынбақ. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін эскалатор, лифт салынады. Яғни, жолаушыларға барынша жағдай жасалмақ. Бірақ, жол жүру құны қанша болатыны белгісі.

Нұрқожа Дүйсенәлиев, «LRT» жобасын зерттеуші:

Мысалы, Өзбекстанда жаңа салынды ғой ЛРТ. Сол жерде 1400 сом төлейді, теңгеге аударғанда шамамен 60 тг шығады. Тура сондай баға автобуспен жүреді олар.

Ташкенттегі жер үсті метросының LRT-дан 2 есе ұзын және құны 4 есе арзан екенін де білесіздер. Жобаның 11 шақырымдық 1-ші кезеңін 3-ақ жылда салған.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Ал Астанадағы 12 жыл күткен LRT енді 2 жылда біте ме? 1 шақырымы шамамен 38 миллиард теңге болатын ұзақ күткен аспалы жол қаншалықты ұзақ әрі тиімді қызмет етеді. Уақыт көрсетеді.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу