Бүгін 7800-ге жуық білім ошағында алғашқы қоңырау соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін 7800-ге жуық білім ошағында алғашқы қоңырау соғылды

01.09.2023

Еліміздегі барлық 7800-ге жуық білім ошағында алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылын бастады. Сондай-ақ елімізде 200 апатты және үш ауысымды мектеп бар. Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселе алдағы үш жылдың ішінде түбегейлі шешілетінін айтты. Ал бүгін жаңадан 39 білім ордасы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 154 мектеп пайдалануға берілмек. Оған Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сеп болып отыр.

Бүгін еліміздегі барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 4 миллионға жуық оқушы қатысты. Оның 382 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. 1 сыныпқа барған балалардың 70 пайызы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірген. Жаңа оқу жылында 11-сыныпта оқитындар саны да рекордтық көрсеткішке жетіп, 189 мыңға жуықтаған.

Жаңа оқу жылында 39 жаңа мектеп ашылды. Ең көбі: Алматы, Ақмола және Жамбыл облысында. Жыл соңына дейін тағы 132 мың орындық білім беру ұйымдарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Президенттің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады. Министрдің айтуынша, білім беру мекемелерінің көбеюіне кәсіпкерлер де көмектесіп жатыр. Фрилансерлер өз қаражатына мектеп салып, мемлекет меншігіне береді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Барлық мектептерді де осы «Жайлы мектеп» деңгейінде көтеру бағытында модернизациялау мәселесін қолға алып, біз барлық мектептерді осындай заманауи үлгіде соғуды жоспарлап отырмыз. «Жайлы мектептің» өзі осыған бағытталып отыр.

Астанада да біртіндеп үш ауысымды мектептер саны азайып келеді. Мәселен, №59 мектеп-лицейде қосымша қосалқы ғимарат салынған. Ол арнайы бастауыш сынып оқушылары үшін салынған. Құрылысы 9 айдың ішінде аяқталған.

Сәуле Қабажаева, №59 мектеп лицей директорының орынбасары:

Осы қосалқы мектепте біздің биылғы жылы 1-сыныпқа 500 бала қабылданды. Жалпы мектепте 1-сыныпқа 14 комплект болды. Мектеп бойынша айтатын болса, 4600 бала кірді. Оның ішінде 149 компонент класс ашылды.

Жаңа оқу жылынан бастап қазақ 1-сыныптарында «Әліппе/Ана тілі» пәндері, ал «Орыс тілі» пәні 2-сыныптан бастап оқытылады. «Шет тілі» 3-сыныпта қосылады. Сонымен бірге бастауыш сынып оқушылары, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, тегін тамақтанады. Ал соңғы қоңырау бұрынғыдай 25 мамырда соғылады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу