Қызылордада білім күні қарсаңында үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілді. Екі білім ордасының жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, жаңа оқу мауысымында пайдалануға берілді. Енді оқушылар кең сыныптарда емін-еркін білім алатын болады.
Жылдан жылға қалада демографиялық өсім бар. Әсіресе мектепке баратын бала саны еселеп артып, білім ордалары ғимарат таршылығын сезініп келді. Биыл жергілікті бюджеттен қомақты қаржы қаралып, шаһардағы төрт мектептің ауласынан қосымша оқу копустары салынып жатыр. Соның екеуі жаңа оқу маусымына дейін пайдалануға берілді. Мұнан бөлек, аймақта апатты мектептер мәселесі де шешімін тауып келеді.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Аймақта бұрын апатты деп танылған 6 мектептің мәселесі оңтайлы шешілді. 4 мектептің құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешілді. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы мектеп құрылысы жеке инвестордың демеушілігімен салынуда. Білім нысанын жыл аяғына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп 1200 орынға арналғанымен мұнда 4 мың оқушы білім алады. Сынып жетіспеушіліктен балалар үш ауысымда оқитын. Енді, міне, заманауи үлгіде 550 орындық қосымша еңселі ғимарат салынып, оқушыларды қабылдау мүмкіндігі ұлғайды.
Жанат Садуақасова, Абай атындағы №2 мектептің директоры:
Осы ғимаратта бастауыш сынып оқушылары оқитын болады. Сөйтіп, біздің оқушыларымыздың үш ауысымдық мәселесі шешіліп жатыр. Биылғы оқу жылында енді 4403 оқушымен бастайын деп отырмыз.
Сондай-ақ №101 мектеп-лицейі де қосымша құрылыспен кеңейіп, ұстаздар мен оқушылардың қуанышы еселенді. Мұнда 370 орындық бастауыш сыныптарына арналған заманауи ғимарат бой көтерді. Жалпы жыл соңына дейін облыста 4 жаңа мектеп ел игілігіне беріледі деген жоспар бар.
Әділбек Серікұлы