«QazaqGaz» ҰК» үздік студенттерге ай сайын 100 мың теңге аударып отырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«QazaqGaz» ҰК» үздік студенттерге ай сайын 100 мың теңге аударып отырады

28.08.2023

«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» еліміздің профильдік жоғары оқу орындарында білім алатын 12 үздік студентке стипендия береді. Әрқайсына ай сайын жүз мың теңгеден аударылып отырады. Мұндай степендия, тіпті, әлемдік трансұлттық компанияларда да жоқ дейді басқарма төрағасы.

Биыл алғаш рет бөлінген «QazaqGaz» стипендиясына Қазақ-Британ техникалық университеті мен Сәтпаев университетінен 114 студент өтініш берген. Оларды іріктеген кезде орташа балы, қоғамдық және ғылыми қызметке қатысуы ескерілді. Әлеуметтік осал топтағы шәкірттерге де ерекше назар аударылған. Геология және мұназ-газ ісі мамандығында оқитын Жанерке Айдарбекова көпбалалы отбасыдан шыққан. Оқу үлгерімі де жақсы.

Жанерке Айдарбекова, «QazaqGaz» стипендиясының иегері:

Ең бірінші мұны материалдық жағдай тұрғысынан қарастырмаймын. Неге? Кез келген мамандығын жақсы көретін адам ол өзін жоғары деңгейге көтергісі келеді. Қазірден бастап «QazaqGaz»компаниясымен байланысымды ұстағым келгендіктен осы өтінішті бердік. Еліміздің болашақ жастарын осындай деңгейде қолдап жатқаны мені қуантады. Бұл біз үшін мотивация.

Ал Асылбек Саматов 70 студенттің ішінен таңдалған. «Үздік дипломға» үміткер ол болашағын осы компаниямен байланыстырады.

Асылбек Саматов, «QazaqGaz» стипендиясының иегері:

Болашақта менің мақсатым университетті аман-есен аяқтап, елімнің мұнай-газ саласында жұмыс істеу. Қазір осы «QazaqGaz» компаниясына жұмысқа тұру ойымда бар.

Жастардың компаниядан тағылымдамадан өтіп, жұмысқа тұруына мүмкіндік бар. Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешовтың бастама арқылы Президент тапсырамасын жүзеге асырып, газ саласында білікті, мықты мамандар дайындауға болады деген сенімде.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

Жыл сайын біз техникалық университеттермен жұмыс істейміз. Біздің өндірістік еншілес көптеген студенттер тағылымдамадан өтеді. Ол үлкен дайындық. Өйткені диплом алған бетте өндіріс туралы тәжірибесі болады, дайын маман болады.

Компания бұл үрдісті дәстүрге айналдырмақ ниетте. Степендия саны мен қатысатын жоғары оқу орындарын көбейту жоспарда бар. Қазіргі міндет: ғылымды, инновация мен өндірісті интеграциялау. Оқытушылар мен мамандардың соңғы технологиялық әзірлемелерін қолдану, газ саласындағы қазақстандық ғылымды коммерцияландыруды дамыту да қолға алынады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу