«Астана» «Партизани» командасын жеңді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» «Партизани» командасын жеңді

25.08.2023

«Астана» командасы Албанияның «Партизани» клубын 1-0 есебімен жеңді. Ал Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Чехияның «Виктория Пльзень» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Конференция лигасы аясында өткен елордадағы ойынға тілшіміз шолу жасайды.

Жанкүйер – 12-ші ойыншы. Олардың қиқуы мен демеуі ойын барысына әсер етеді. Футболшылардың жігерін жанып, рухын көтерсе керек. «Астана» футбол клубының жанкүйерлері әдеттегідей ерте жиналып, ұрандарын бір пысықтап, стадионға қарай бет бұрды.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

«Астана» - «Партизани командаларының ойынының басталуына жарты сағат қалды. Астаналықтар мен қала қонақтары «Астана-Аренаға» ағылып жатыр. Жалпы, бұл стадионға 30 мың көрермен сияды. Дәл қазіргі мәлімет бойынша 15 мыңнан аса билет өткен. Әлі де сатып алып жатқандардың қарасы қалың».

Ойын басталған бетте Астананың аспанына қара бұлт төніп, жаңбыр құйып кетті. Бірақ, санаулы минуттардан кейін бәсеңдеп, басылғандай. Алғашқы минуттардан «Астана» командасы шабуылды ширатты. Жаттықтырушы Григорий Бабаян айқын басымдылықпен жеңу керек деген тапсырма берсе керек. Ойынның 41-інші минутында астаналық Степан Лончар есеп ашты. Сол аяқпен тепкен добы қақпаны солқ еткізді. Есеп 1:0.

Абат Айымбетов тамаша гол салды. Бірақ, төреші оны ойыннан тыс қалды деп, голды есептемеді. Сөйтіп, бірінші тайм аяқталды.

Екінші кезеңде астаналық Марин Томасов дубл жасады. Бірақ, шотландиялық төрешілер құрамы екі голды да есептемеді. Тағы да сол ойыннан тыс қалды деген шешім.

Бүгінгі ойын өте маңызды. Біз Албаниядан келдік. Өз командамызға жанкүйер болып, қолдап жатырмыз. Маған Қазақстан, Астана ұнады. Алда әлі қарымта кездесу бар.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

«Астана» мен «Партизани» командаларының арасындағы кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Бүгінгі нәтижеден кейін топтық кезеңге жолдама алуға мүмкіндік артты. Дегенмен, тоқмейілсуге тағы болмайды. Себебі, алда бір аптадан кейін қарымта кездесу бар. Сол ойында «Астана» командасы бүгінгі жеңісін қайталайды деп сенеміз.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу