Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Басаман орман шаруашылығының бұрыңғы директоры Асхат Жақашевқа қатысты бүгін сот үкім шығарды. Оған ауыр зардап әкелген алапат өрт қызмет бабын асыра пайдалану салдарынан болды деген айып тағылған еді. Прокурор күдіктіні 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сот жазаны Қылмыстық Кодекстің жеңіл бабына ауыстырды. Өйткені Асхат Жақашевтың іс-әрекетінен қандай да бір пайдакүнемдік жымысқы ниет анықталмаған.
Істі қараған судья Алтын Байжұманованың айтуынша, тек оның немқұрайлығы осындай оқыс оқиғаға алып келген. Сондықтан 4 жылға бас бостандығын шектеу және 3 жыл лауазымды қызметті атқаруға тыйым салу жазасы кесілген. Айыпталушы бірден сот залында қамаудан босатылды.
Нұрбек Байбосын