Еліміздің биік таулы аймақтарындағы 156 мұздық көлде сел жүру қаупі жоғары. Мұны жаңадан салынған «Аюсай» бөгетіне барғанда Президентке Төтенше жағдайлар министрі айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев селден қорғау шараларының маңыздылығына тоқталып, жұмысты ширатуды тапсырды. Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында қаладағы мектептердің бірінде болды.
Данияр Қайыртай, тілші:
Жаңа Аюсай бөгеті Үлкен Алматы өзенінің алабына салынды. Себебі оның аумағында 89 мұздық пен 20 мұздық көлі бар. Сол мұздықтар еріп, өзен арнасынан асып, тасығанда осы тоғаны бар инженерлік құрылым қаланы селден қорғайды.
Селден қорғайтын мұндай нысан кейінгі 30 жылда салынбаған. Бөгет құрылысы 1,5 жылда аяқталыпты. Жобаға республикалық бюджеттен 10,5 млрд тг жұмсалған. Бөгеттің су қоймасы 2,3 млн текше метр сел көшкінін ұстап қала алады.
Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысы:
Осы плотинаның есебінде су қоймасы орналасқан. Ол дегеніміз, егер үлкен көлемде су келетін болса, өзен бойымен, мына жерде артық су селдік қойманың ішіне сақтау мүмкіндігіміз бар және суды реттеу мүмкіндігіміз бар.
Қазір Ақсай өзенінің алабында да осындай бөгет салынып жатыр. Себебі мұздықтардағы ауа температурасы жылдан-жылға көтеріліп барады. Қазір 20 градусқа жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, 2015 жылы мұздықтардағы температура 13-15 градус аралығында еді. Осы құбылыстың қарқын алуы сел жүру қаупін 33 пайызға арттырды. Сондықтан Президент халықты тасқын судан қорғау маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алматы тұрғындарының қауіпсіздігіне байланысты ғой енді, бұл жұмыс. Сондықтан 500-ден астам істеп жатыр, оларға сәлем айтыңыз. Жұмыстарыңыз табысты болсын.
Мемлекет басшысына пилоттық жоба аясында орнатылған 31 цифрлық гидробекет те таныстырылды. Бұл қондырғылар судың жылдамдығын, температурасын және лайлылығын онлайн режимде бақылап отырады. Мұндай технологиялар кейін еліміздің жеті таулы аймағында орнатылмақ.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Цифрлық бекеттер бар. Онда мореналық көлдердегі ахуалды, мөлшерін адамның қатысуынсыз анықтауға болады. Өзгеріс белгілі болса, дереу ақпар түседі. Сондай-ақ ағыстың екпінін арналарға бұрып басуға Қазселденқорғау мемекесі жұмысшылары жұмылдырылған.
Президент Prometheus school мектебінің кабинеттері мен зертханаларын да аралап көрді. Былтыр қарашада ашылған білім ошағы 840 оқушыға арналған. Мектепті салуға инвесторлар 5,2 миллиард теңге қаражат құйған. Оқушыларды даярлаудың ерекше форматының нәтижесі – жас өрендердің қолынан шыққан өнертабыс бұйымдары. Үшінші сынып оқушысы Сәлім Көпеев өзі жасаған кеңсе органайзерін Мемлекет басшысына сыйлады.
Сәлім Көпеев, Prometheus School мектебінің үшінші сынып оқушысы:
Бұл менің сізге сыйлығым. Оқушы партасында қағаз-қалам шашылып жатады. Сол кедергі болмасын деп әкем екеуміз осындай органайзер жасап, сыныптастарыма тараттық.
Бұл мектепте тұрмысы төмен отбасылардан шыққан дарынды балаларды оқыту үшін гранттар бөлінеді. Мұндай мүмкіндік кеңейе бермек.
Данияр Қайыртай