Өскемендік кәсіпкер балабақша аумағындағы жерді босатуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендік кәсіпкер балабақша аумағындағы жерді босатуды талап етті

16.08.2023

Өскеменде мемлекеттік балабақшаның жеріне қатысты дау шықты. Нақтырақ айтқанда, ойын алаңына кәсіпкер таласып жатыр. Өйткені құжат бойынша аумақ жеке азаматқа тиесілі болып шықты. Балабақшаны саларда жердің сызба-жобасын жасаған мамандардың кезінде қателік жібергені анықталған. Енді кәсіпкер жерді босатуды талап етіп мемлекеттік мекемені сотқа берді.

«Балбөбек» балабақшасы 2011 жылы пайдалануға берілген. Сол кезде 4 топтың ойын алаңы жеке кәсіпкердің иелігіндегі аумаққа салынған. Биылға дейін ол азамат ешқандай шағым айтпаған. Тек арада 12 жыл өткенде өзіне тиесілі жер телімін босатуды талап еткен. Бұған алдымен ата-аналар алаңдаулы.

Нұрбибі Сәрсенбаева, қала тұрғыны:

Кеше ғана бізге хабар келді.Осылай жерді алайын деп жатыр. Топтар жабылады деп. Екі апта қалған кезде ол топ жабылатын болса балаларымызды қайда жібереміз. Менің екі балам далада қала ма? Мен жұмыс істеймін. Балаларымды қайда жіберем. Дұрыс емес. Жапқызбаймыз. Басқа шешімін тапсын.

Табиғат Серікқызы, қала тұрғыны:

Наурыздан бері осы мәселе келе жатыр. Бірақ бізге 2 күн бұрын айтылды. Біздің балаларымызды дайындыққа да алмайды. Басқа балабақшаға да алмайды. Сол үлкен мәселе болып тұр.

Үлкен мәселе екенін балабақша меңгерушісі қалалық білім бөліміне биыл наурыз айында айтқан. Одан бері бері 5 ай өтсе де еш нәтиже жоқ. Енді жаңа оқу жылы басталғанда бүлдіршіндерді серуенге қалай шығарарын білмей дал.

Қымбат Садықова, №3 «Балбөбек» балабақшасының директоры:

Әзірге кесте құрасақ та кезекпен серуенге шағарамыз. Бірақ 4 топтың жабылу қаупі бар. Өйткені санитарлық органдар да бізді өткізбеуі мүмкін. Өйткені нормалар бойынша әр топтың өз ойын алаңы болу керек?

Балабақша іргесінін тіс емханасын салған кәсіпкер пікір білдіруге құлықсыз. Жер дауын тек сот арқылы шешуді ұйғарған. Ал облыстық білім басқармасынан келген маман ата-аналарға мәселе әлі қарастырлып жатқанын жеткізді.

Жанғазы Әліпбаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Жергілікті атқарушы органдар бар. Жер бөлімі сәулет құрылыс бөлімі бар. Қала әкімдігімен бірілесіп мәселені шешуге тырысамыз. Мына тіс емханасының өкілдеріммен де кездесіп сөйлесеміз.

Екі тілде тәрбие мен білім бертін балабақшада 300 бүлдіршін бар. Ата-аналар жер теліміне қатысты мәселе қыркүйектің біріне дейін оң шешімен табар деген үмітте.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу