Алматыдағы жатақхана тапшылығы 10 мың орынға азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы жатақхана тапшылығы 10 мың орынға азайды

15.08.2023

Тікелей Президенттің тапсырмасынан кейін енді басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру ақысы өтелмек. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі қала Алматыдағы жатақхана тапшылығы 10 мың орынға азайып отыр. Жауапты министрлік 60-қа жуық хостелмен келісімшарт жасасқан. Бағасы студенттерге тиімді, қауіпсіздігі бақылауда болады дейді.

Ермек Симат 4 курс студенті. Жатақханаға сыймай, жалдамалы пәтерге ақшасы жетпей осыдан екі жыл бұрын хостелға орналасыпты. Оның айтуынша, мұнда барлық жағдай жасалған.

Ермек Симат, студент:

Осы бөмеде біз 4 бала жатамыз. Бәріміз бір-бірімізбен достасып кеттік. Бәрі таза. Уақытында тазалау жұмыстары жасалып отырады. Бұл жақта жатақхана сияқты, бір жағынан пәтер сияқты. Бір жағдай бола қалса, хостелдің әкімшілігіне жазамыз. Олар бізді бақылап отырады.

Хостелда сондай-ақ оқуға арналған бөлме мен ас үй де бар. Тазалыққа студенттердің өздері жауап береді. Жалпы Алматы қаласындағы бірнеше хостелді аралап көрдік. Барлығы тұруға жарамды және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Төлем ақысына келсек, 35 мың мен 65 мың теңгенің аралығында.

Ақерке Абылайхан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

Бүгінгі таңда Алматының ЖОО 59 хостелдің 10 мыңнан астам орынға келісімшарт жасалған. Бұл жерде ең маңызды мәселе студент жастардың қауіпсіздігі мәселесі. Бүгінгі таңда минстрлік тарапынан арнайы штаб құрылды. Бүкіл жоғары оқу орындарында хостелдердің жағдайларын қарап жатырмыз. Мониторинг жүргізіп жатырмыз.

Бүгінде Алматыда білім алатын 250 мыңнан астам студенттің 70 пайызы өзге өңірлерден келген. Биыл тағы 38 мың грант иегері мегаполистегі ЖОО таңдаған. Оған ақылы оқуға түскендерді қосыңыз. Ал жатақханаға зәру студенттердің саны осы күнге дейін 33 мыңға жуықтап келген. Сондықтан да биыл министрлік хостелдардың қызметіне жүгініп отыр. Мақсат арман қуып, білім алам деп келген жастарды көшеде қалдырмау.

Ал паналайтын жер таппай қалған студенттер жаңадан ашылған Алматы, Астана және Шымкнт қалалырындағы «Ахуал орталығына» хабарласып, көмек сұрай алады. Ол аптаның жеті күнінде және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу