Ресей валютасы құнсызданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей валютасы құнсызданды

15.08.2023

Санкция құрсауында қалған Ресейде рубль тағы құнсызданды. Бір доллар 100 рубльден саудалануда. Ірі инвесторлар елден кетіп, қазынаға түсетін салық азайды. Ал Ресейдің Орталық банкі 2022 жылдың ақпан айынан бастап алғаш рет негізгі мөлшерлемені жоспардан тыс көтерді. Рубльдің әлсіреуіне байланысты 8,5 пайыздан 12 пайызға бірақ өскен.

Ілім Жаппаров Мәскеуге жұмыс істеп, нан табу үшін төрт жыл бұрын келген. Алғашында 100 мың рубль, яғни 500 мың теңгеден астам ақша табатын. Қазір тапқан табысы жан бағуға жетпейді.

Ілім Жаппаров, мигрант:

Соңғы уақытта Ресейде өмір сүру қиындады. Пәтер жалдайтынмын, қазір бір бөлмеде бірнеше адам тұрамыз. Егер бұрын тіркеуге жылына бір рет тұратын болсақ, қазір әр үш ай сайын тіркелуге мәжбүрміз. Оның өзіне қыруар қаражат кетеді. Қырғызстанға ораламын, немесе өзге мемлекеттерден жұмыс іздеймін деп шештім.

Ішер ас, киер киімнен тарыққан қара жұмыстағыларға доллардың көтеріліп, ұлттық валютаның құнсыздануы жығылғанға жұдырық болды. Бүгінгі күні 1 АҚШ доллары 100 рубльден саудалануда. Техника, азық-түлік бағасы бір аптада 15-20 пайызға көтерілді. Жергілікті халықты да қымбатшылық екі бүйірден қысқан.

Анастасия Сорокина, тұрғын:

Өкінішке орай, күн сайын Мәскеуде өмір сүру қымбаттай түсуде. Бірақ айлық көтерілмеді. Бірінші кезекте импорттық тауар құны шарықтап кетті. Тіпті бұрынғыдай дүкеннен қалаған затымызды ала алмаймыз.

Жанар-жағармай, коммуналдық төлемдер, жолаушы тасымалы қызметінің де құны өсті. Мамандар долларға байланған импорттық тауарлардың орнын алмастыру үшін кем дегенде 10 жыл кететінін айтады.

Дмитрий Журавлев, сарапшы:

Алдағы уақытта Ресей нарығынан импорттық тауарлар мүлдем жойылуы мүмкін. Өйткені басқа амал жоқ. Экспорттық сектор дағдарысқа ұшырады. Елден көп ақша шығарылды, бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Салымшылар бар жиған-тергенін Батыс елдеріне жіберуге тырысады. Сондықтан ұлттық валюта ректордық деңгейде құнсызданды. Басты себебі осы. Елде ақша жоқ.

Дағдарыстан шығу үшін Ұлттық банк тұрақты операцияларды жүргізу кезінде ішкі нарықта шетел валютасын сатып алмау туралы шешім қабылдады. Бұл шектеу жыл соңына дейін енгізілді. «Ал бір жылда 63 пайызға әлсіреген Ресей валютасы күзде тағы құнсызданады»,- дейді сарапшылар. Яғни бір доллар 120 рубльге дейін қымбаттайды деген болжам бар.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу