Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінен тағы да ақау шықты. Өткен түні сағат 22:30 шамасында редакциямызға тұрғындар хабарласып, адамдардың сыртта жүргенін айтты. Өйткені түтіннің иісін сезіп, бірден жапа-тармағай далаға шыққан. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. Төтенше жағдайлар департаменті пәтерлердің бірінде электр сымдарының тұйықталуы орын алғанын хабарлады. Бірақ ашық жалын болмаған. Артынша, бірнеше сағаттан кейін тұрғындар пәтерлеріне кірген.
Еске салайық, 10 күн бұрын Алматыда дәл осы тұрғын кешеніндегі 16 қабатты үйден өрт шыққан еді. Қою қара түтінге тұншыққан тұрғындар баспалдақпен төменге түсе алмай терезеден секіруге мәжбүр болған. Салдарынан бір адам көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, өрт кабель шахтасынан тұтануы мүмкін. Зардап шеккен 42 адамның үшеуі әлі ауруханада жатыр.
Әйгерім Ердәулет