Осы айда мәдениет мамандарының айлығы 30 пайызға көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы айда мәдениет мамандарының айлығы 30 пайызға көтерілді

10.08.2023

Алматыда соңғы уақытта жалақысы мардымсыз мәдениет мамандарының жұмыстан кетуі жиілеген. Мәселені шешу үшін әкімдік осы айдан бастап олардың айлығын 30 пайызға көтеріп отыр. Мәдениет министрлігі де, кейбір мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша тиісті заң жобасын әзірлеген.

Жалақысы көтерілген мәдениет мамандарының ішінде қауіп-қатері көп сиқырлы цирк өнерінің әртістері бар. Көпті таңқалдырып, көрерменнің ішек-сілесін қатырып күлдіретін олар, меңгерген мамандығымызға адалмыз дейді. Оған айлықтың шайлыққа жетпейтін кезінде де бұл саладан біржолата кетпегеніміз дәлел деп отыр.

Равиль Сейдгариев, Қазақ мемлекеттік циркінің әртісі:
2003 жылдары айлығымыз 7 мың теңге болатын. Одан кейін жыл сайын қосылып отырды. Қазіргі айлығымыз жақсы, өзіміздің күн көрісімізге жетеді. Мәдениет салысындағы өзгерістерге ризамыз біз. 30 процент қосты, соған қатты ризамыз.
Соңғы кезде бір айлыққа қарап отырған сала мамандарының жұмыстан кетуі жиілеген. Мұны әкімдік те растап отыр. Ақыры мәслихатта мәселе қаралып, жалақының 30 пайызға артатыны белгілі болды. Графика: Дәлірек айтқанда, хайуанаттар бағы, цирк, қуыршақ театры, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, мемлекеттік мұрағат, кітапхана, музейлер бірлестігі, «Алматы әуендері» қызметкерлерінің жалақысы жергілікті бюджет есебінен өседі.

Ғани Майлыбаев, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:
Алматы қаласына қарасты 8 мәдени мекеме бар, ол жерде 2050 адам жұмыс жасайды негізгі штат бойынша, кәзірдің өзінде 200 жуық жұмыс орны бос тұр. Жұмысшылардың жалақысы аз болғандықтан көп тұрақтамайды. Осы біздің мекемелерде тәжірибе алып жалақысы жоғары мекемелерге жұмысқа кетуге мәжбүр. Бірінші талап – сапалы мәдени өнім ұсыну, екінші талап – ол бюджетке ауыртпалық салмай өзін өзі асырайтын деңгейге жету.
Яғни мәдени орталыққа келушілер санына қарай жағдай да түзелмек. Мәселен, циркке баратындар былтыр 243 пайызға артып, табыс еселенген. Хайуанаттар бағы да осындай көрсеткішке жете алады деп отыр жауаптылар. Айлықтан бөлек мәдениет мамандарының шетелде білім алып, тәжірибе жинақтауына да қаражат бөлінген. Айтпақшы, мәдениет министрлігі әзірлеп, депутаттарға ұсынған заң жобасы тағы бар. Онда 20 жыл еңбек өтілі бар балет, би ансамбльдерінің, цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алатыны көрсетілген. Өйткені олардың кейбірі кәсібіне байланысты көп жағдайда түрлі ауруға ұшырап жатады.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу