Алматыда күзге қарай қоғамдық көлікпен жүру ақысы қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда күзге қарай қоғамдық көлікпен жүру ақысы қымбаттайды

09.08.2023

Алматыда күзге қарай қоғамдық көлікпен жүру ақысы қымбаттайды. Енді 80 емес, 100 теңге болмақ. Кіріс шығынды өтемейді деген жауаптылар бағаны көтермеске амал қалмады деп отыр. Әріптесім Әйгерім Ердәулет жалғастырады.

Күніне 1 миллион 400 мың рет «Оңай» картасы, SMS немесе QR - кодпен төлем жасайтын алматылықтар енді метро және автобуспен жүру үшін жол ақысына 100 теңгеден төлейді. Ал қолма-қол төлем 200 теңге. Қала тұрғындары 20 теңге қосылса да қалтаға салмақ болады дейді.

Бәрі қымбаттағанын жауаптылар да айтып отыр. «Жол ақысын 11 жыл бір бағада ұстап тұрдық, әрі қарай мүмкін емес»,- дейді олар. Автопарктердің ахуалына қарап, өзге өңірлермен салыстырып әкімдік бағаны көтеру ұсысын мәслихатқа жолдаған. Бүгін депутаттар бірауыздан қолдады.

Азамат Ешанқұл, қалалық мобилділік басқармасының бөлім басшысы:

Мысалы, 2012 жылы дизель отыны 90 теңгені құрайтын болса, қазіргі уақытта ол 295 теңгеге алынып отыр. Газ отыны 2012 жылы 33 теңге болса, қазір 100 теңгені құрап отыр. Аса үлкен бағаны көтеріп жатқан жоқпыз. Қазақстан бойнша басқа қалаларды қарадық біз. Мысалы, Қостанайда 100 теңге болса, бізде әлі баяғы 80 теңге.

Жол ақысының көтерілетіне көлікке қажетті қосалқы бөлшектердің де қымбаттағаны себеп. Қазір барлық маршруттардың бір адамды тасымалдау құны орташа 400 теңгеден асады екен. Ал субсидияға қарап отырған автопарктер жыртығымызды мүлдем жамай алмай қалдық дейді.

Абылай Омархан, коммуналдық автопаркі бас директорының орынбасары:

Осыдан 3-4 жыл бұрын инфляция болмай тұрған кезде, теңбе-тең болатын: субсидия мен жол ақысынан жиналатын қаржы. Қазір басым бөлігі субсидиядан болып тұр. Әр маршруттың өзінің әдістемелік есептемесі бар. Мысалы, бізде 18 маршрут кем дегенде 250 теңге болып есептелінеді. Автобус оталғаннан бастап км жүрген сайын ол шығын. Дизелі бар, жүргізушінің еңбекақысы бар.

Сәбит Аманбаев, Қазақстан автокөлікшілер одағының бас директоры:

Мысалы, күніне Алматыда миллион адам тасып жүріп, 80 миллион тапсақ дейміз ғой. Ол жанармайға да жетпейді. Ал мына 20 теңгеге көтеріп, ең болмаса жанармайға төлейтін боламыз. Ал 80 миллионнан білесіздер холдингке төлейтін ақшамыз бар «Оңайға» 10 пайыз, субсидиялау бізге бір ай кешігіп төленеді. Сол себептен күнделікті мұқтажды төлеп тастау үшін 20 теңгеге көтеру өндіріске үлкен көмек.

Субсидия демекші, әкімдік бағаны ұстап тұру үшін екі жылдың ішінде 115 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Мамандар, қызмет көрсету құны қымбаттағанымен, сапасын арттыру үшін жолаушылардың жол ақысын жалтармай төлегені қажет дейді. Өйткені, онлайн бақылау камерасынан автобустың лық толы екенін көреміз, бірақ жартысы ғана транзакция жасайды екен. Айта кетейік, жаңа оқу жылына дейін автопарктерге 100 қоғамдық көлік әкелінбек.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу